25.09.2025, 17:30
Оқылды: 88

Ғұмар бабаның мерейтойы қарсаңында деректі фильм жарыққа шықты

Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде қазақ халқының біртуар ағартушысы, терең ойшылы, ғұлама тұлға Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына арналған дүбірлі шара алдындағы басқосу өтті. Жиынға ауданымыздың белсенді ардагерлері тарихи мәні зор мерейтойды абыроймен атап өтуді мақсат тұтты.

image-25-09-25-02-50-2
Іс-шара аясында Жәнібек ауданы әкімдігінің ұсынысымен және облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асқан игі жоба көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Астана қаласындағы «Хабар» агенттігінің режиссері Нұрсерік Қамбар түсірген «Ғұмар Қараш» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті.
Фильмді әзірлеу барысында ізденіс жұмыстарына белсене атсалысқан жергілікті зерттеушілер мен ардагерлердің, сондай-ақ бірқатар белсенді азаматтардың құнды деректері пайдаланылған.

image-25-09-25-02-50-1

Отыз минут ішінде ғұламаның өмір жолы мен артында қалдырған мол мұрасына қатысты тың мәліметтер қамтылып, келер ұрпақ үшін тағылымы зор дүние ұсынылды.
Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов сөз сөйлеп, бұл істің аудан үшін аса маңызды мәдени һәм рухани қадамдардың бірі екенін атап өтті.
Ал «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев өз пікірінде:
– Алдымен ауыл ақсақалдары мен ел ағаларын жинап, деректі фильмді тамашалауды жөн көрдік. Мұнда айтылған деректер – болашаққа қалатын өшпес мұра болып қалары анық. Бұйырса, алдағы үлкен шараларды абыроймен өткізейік,– деді.
Сонымен бірге жиылғандар назарына ардагерлер ұйымы көзіндей етіп сақтап отырған Ғұмар бабамызға қатысты деген материалдардан жасақталған көрме ұсынылып, таныстырылды.
Ауданның қара шаңырағында жеті шелпек пісіріліп, ауданның бас имамы Есенболат Абдуғалиев арнайы дұға жасап, ғұлама баба рухына Құран бағыштады.

image-25-09-25-02-50
Бұл игі дәстүр мерейтойдың мәнін арттырып, рухани мазмұнын тереңдете түсті. Ал, ұлты үшін аянбай еңбек еткен Ғұмар Қараш бабаның 150 жылдығына орай ұйымдастырылғалы отырған игі шаралар мен дүбірлі додалар аудан халқының бірлігі мен берекесін арттырары сөзсіз.

Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале