26.09.2025, 16:00
Оқылды: 199

Мантыдан басталған еңбек майданы

Адамның өмір жолы – оның маңдай терімен, еңбегімен өлшенеді. Жымпиты өңірінде осындай еңбегімен елдің сүйіспеншілігіне бөленген жан бар. Ол – Теміралиева Мақпал Наумқызы.

IMG_3032

1958 жылдың 19 маусымында Жымпиты ауданының Сарой ауылында дүниеге келген Мақпал апайдың балалық шағы ауылдағы қарапайым қазақ отбасында өтті. 1965 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1975 жылы мектепті тәмамдады. Кейін кооперативтік училищеде білім алып, сырттай кооперативтік техникумда оқуын жалғастыра жүріп, еңбекке ерте араласты.

1976 жылдан бастап кооперация саласында жұмыс істеп, осы бағытта 2003 жылға дейін табан аудармай еңбек етті. Сауда-саттықтың қыр-сырын меңгеріп, сатушы ретінде Өлеңті, Жымпиты ауылдарында халыққа адал қызмет көрсетті. Кооперация жабылған соң да, қарап қалмай, елге қызмет етудің жаңа жолын тапты. Кәсіп бастауға бел буды.

2004 жылдың тамыз айында қоғамдық тамақтану кәсібін қолға алып, жалға алған шағын ғимаратын кейіннен өз меншігіне айналдырды. Содан бері Мақпал апайдың асханасы ауылда ғана емес, аудан көлемінде танымал орынға айналды.

Қарапайым тағамды өнерге айналдыру – шынайы еңбекқордың ғана қолынан келеді. Мақпал апайдың мантысы – дәмі тіл үйіретін ерекше тағам. Күніне екі үлкен қазанда 8-12 рет қайнап, буы бұрқыраған манты асхананы жайлап кетеді. Әр түйірінде сүйіспеншілік пен шеберлік жатыр. Бір күнде 40-50 бәліш қуырылады. Бір күнде 2-3 келі үккіштен өткізілген ет (фарш) кетеді. «Мақпалдың мантысы» деген атаумен ауданда брендке айналған ас мәзірін ел үлкен ықыласпен тұтынады. Тіпті Германияға көшіп кеткен неміс бауырлар да Мақпал апайдың мантысын аңсап, сағынып отырады екен. Бұл – еңбекқор жанның еңбегі халық жүрегіне жеткені.

Оның қызыл күрең шайы да ерекше. Әрбір түйілген мантыда, әрбір құйылған стақанда Мақпал апайдың жүрек жылуы, адал ниеті сезіледі. Кім келсе де, дәмін татып, ризашылықпен кетеді. Ол үшін жұмысы – табыс табудың ғана емес, адамдарға дәмі тіл үйіретін ауқат арқылы қуаныш сыйлау бақыты.

Бұл кәсіп тек табыс көзі емес, сонымен бірге елді жұмыспен қамтудың да бір жолы. Бүгінде ол тұрақты түрде ауылдастарының бірі Фарида Есқалиеваны жұмыспен қамтып отыр. Қыз-келіншектермен бірлесе еңбек етіп, асхананың қызу тіршілігін дөңгелетіп отыр.

Мақпал апайдың отбасында ер азаматы Елеусіз Жұмалиев бар. Ол әрқашан қолдап, қажет азық-түлікті көлігімен жеткізіп беріп отырады. Төрт қызы – Ардақ, Шаттық, Айнаш, Диана – әрқайсысы өмірде өз жолын тауып, қоғамға қызмет етуде. Үлкені Ардақ – ұстаз, Шаттық – Ақсайда еңбек етуде, Айнаш – Оралда газ саласында, Диана – Аралтөбеде психолог. Бүгінде немере-жиен сүйіп отырған абыройлы әже.

Мақпал Наумқызы – еңбектің қадірін білген, адалдықты серік еткен, қарапайым тіршілігінен үлкен өнеге қалдырған жан. Оның мантысы – тек ас емес, халықтың жүрегінен орын алған мейірім мен махаббаттың белгісі.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале