Ауыл тіршілігінің өз заңы, өз ырғағы бар. Бұл өмірде даңғаза даңқтан гөрі, күнделікті маңдай тер мен адал еңбектің салмағы басым. Жымпиты жерінде осындай сабырлы қалыппен, ұзақ жылдық еңбегімен елге танылған азаматтардың бірі — Ғалиасқар Ерғожиев.

1968 жылы Жымпиты ауылында туған Ғалиасқар Күмісбайұлының еңбек жолы 1989 жылдан бастап №39 жол пайдалану учаскесінде (ДЭУ) механизатор болудан басталды. Бұл — ауыл мен аудан арасындағы жолдардың жай-күйіне тікелей әсер ететін маңызды қызмет еді. Еңбекке деген көзқарасы анық, техниканың тілін білетін жас жігіт өз ісін шебер, тиянақты атқарды.
ДЭУ-39 мекемесінде 13 жыл бойы трактор тізгіндесе, одан кейін 20 жыл бойы автогрейдер жүргізушісі ретінде жолды жөндеудің, күтіп ұстаудың бел ортасында жүрді. Көктемнің лайсаңында да, қысқы боранда да далада жүріп, жолдың ашық болуына үлесін қосты. Күнделікті жұмысы көрінбей қалуы мүмкін, бірақ оның артында ел қатынайтын, жүк тасылатын, жедел жәрдем жететін жолдардың қалыпты жұмысы жатты.
Денсаулығына байланысты ауыр техника тізгінінен түскеннен кейін де, Ғалиасқар аға жол жұмысшысы ретінде өз мамандығын жалғастырып келеді. Техниканың бір шетімен болса да араласуын тоқтатпай, білгенін жастарға үйретіп, әріптестеріне көмек көрсетіп келеді. «Еңбек ет, еліңе пайдаң тисін» деген ұстанымды ұстанған ол ешкімге ақыл үйретіп, өзін алға шығарған емес. Бірақ ісі мен ұстанымы арқылы-ақ өнеге бола білді.
Ғалиасқар аға – отбасында да, жұмыста да сабыр мен тұрақтылықты ұстанған жан. Жары Гүлбаршын апай екеуі үш баланы тәрбиелеп өсіріп, оларды өмір жолына бағыттап, қатарынан кем қылмай өсірген. Бүгінде ұл-қыздары да ата-анасының өмірлік ұстанымынан үлгі алып келеді.
Мұндай адамдар туралы көп жазылмайды, көп айтылмайды. Олар өз еңбегін үнсіз атқарып, қоғамның іргесін ұстап тұрғандар. Ғалекеңнің аты аспандағы атаққа ілікпегенімен, ауылдастарының жадында жатталған, адал еңбекпен өмір сүріп келе жатқан қарапайым азамат.
Жастарға үлгі дейтініміз де осы — даурықпа сөз емес, нақты іс пен өмірлік бағыт. Тындырымды тірлік пен жауапкершілікті серік еткен мұндай жандар ел ішінде аз емес. Ғалиасқар ағаның өмір жолы — үлкен сөздерге сұранып тұрған жоқ. Бірақ ол жол — шынайы еңбекпен салынған, өмірдің өз өрнегіндей қарапайым, сонымен қатар қадірлі жол.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы