26.09.2025, 22:00
Оқылды: 364

Жұбан тойы Ақжайық ауданында ақындар айтысымен жалғасты

Ақжайық ауданында Жұбан тойы бүгін «Дәуір дауылпазы – Жыр-Жұбан» облыстық ақындар айтысымен жалғасты.

a0a3df14-c2ab-40aa-8e00-b6a7f9a9b88c

Осы аламанда атап өтер ерекше тұс, суырып салма шешендік өнерінде бақ сынаған 12 ақынның төртеуі өз ауданымыздан. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған айтысқа көрермендердің ықыласы ерек болды. Олар тапжылмастан ақындардың әр сөзі, шумағын, ұтымды әзілдерін, орынды ұсыныстарын ду қол шапалақпен қабыл алды.

6a4a4a66-22ad-477d-a60d-2acdea3e1301
Алғашқы жұп – Айнабек Бисенғалиев (Ақжайық ауданы) пен Эльдар Ихсановтың (Теректі ауданы) сөз сайысынан басталған айтыста өлеңнің құдіреті туралы ой-толғам, жыр тасқыны жарқырады. Ал Талғат Мықи (Бөкей ордасы) Орынбек Меңдіқұловпен (Жаңақала) өзара айтысында жезде мен балдыздың әдемі қалжыңымен тыңдарманын бір серпілтті, олардың Жұбан ақын жырға қосқан ұлттық құндылықтар туралы ортаға байыпты ой тастауларын да көпшілік жылы қабылдады.

3e4b7aa2-f772-4aed-a640-d3973235e2f5
Облыс, республикаға танымал айтыс ақындары Абылайхан Мақсұтов (Ақжайық ауданы) мен Әділ Ахметов (Орал қаласы) сыни сұрақ, ұтқыр жауаппен, сәтті теңеу, ұтымды ұйқастарымен айтыссүйер қауымның көңілінен шықты.
Баласының кіндігін ақын бол деп
Қаламменен кесетін Жұбан елі, –
деп Ақжайықты ардақтаған Әділдің жыр сәлеміне де көпшілік ықыласпен қол соқты.

2444d34b-cbea-4b20-9de7-18b9452f2532
Жұбан ақын – Кеңес кезеңінде «Мен қазақпын» деп тайсалмай айтқан бірегей ақын. Ақынның бұл ерлігін айтыстағы ерек табыстармен танылып жүрген сырымдық Бауыржан Ширмеддинұлы тамаша жырлады. Бөрлілік Жарқынбек Шынтасовпен жұп болған ол ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді жасырып қалмады.

382c23ff-8d40-4f3c-949c-7dd9dc5fa80a
Жәнібектік Мұрадым Мирланов пен жерлесіміз Бекболат Қаленов та екеуара айтыста Жұбан рухын жаңғыртып, атажұртында өткен тойдың мәнін арттырды.
Көрермен асыға күткен жұп ақжайықтық Мейірман Шәкенов пен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров осы айтысты әдемі тәмамдады. Әп дегенде арындатып, тасқындатып бастаған Мейірман ауылдардағы мәселелермен қатар рухани ілгерілеудегі серпілісті әңгімесіне арқау етсе, Шалқарбай, Жұбан туған топырақ қа құрметін жырмен өрді.

8c2abc73-a23d-4e5c-98d8-c1842f054fa6
Шараны Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония директоры Бауыржан Халиолла қорытындылады. Аудан әкімі Жұбанның рухын жырмен асқақтатқан ақындарға ақжайықтықтар атынан алғысын арнап, әрқайсысына ақшалай сертификат табыстады.

4491b7a6-035b-4edb-b8dd-c768ce68f555

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале