Қазақстанда қоғамдық орындарда, соның ішінде көшеде бетті бүркеп жүруге заңмен тыйым салынды. Бұл шешім ел ішіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қабылданды. Алайда дін жолындағы кейбір азаматтар жаңа ережеге қарсы пікір білдіріп, оны діни бостандықты шектеу деп бағалады.

Фото: www.istockphoto.com
Заң саласы қызметкерлері қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелері кеңінен қолданылатынын, құқық қорғау құрылымдары қылмыстың алдын алу үшін адамдарды анық көруі қажет екенін алға тартады.
Қазақстан Президенті 30 маусым күні құқық қорғау қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістерге тыйым салу жөнінде заң жобасына қол қойды.
«Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы», «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» және басқа да заңдардың баптары толықтырылды. Соның ішінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салатын нормалар қарастырылған. БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция майоры Нұржан Қуанғали полиция қызметкерлері өңірде түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқанын айтты.
– Қоғам қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер 12 шілдеде күшіне енді. Атап айтқанда, адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін маска, шарф, ниқаб, балаклава және тағы басқа киім-кешекке немесе киім бөлігіне тыйым салынды. Көпшілік жерде бейнебақылау камералары көмегімен және басқа да бейнежазбалар арқылы құқықбұзушылықтар анықталып жатады.
Осыған байланысты бетті жасыратын киімдер кию немесе әдейі қалқалап қою заңбұзушылық болып есептелінеді, – деді Нұржан Қуанғали.
Әрине, заңның орындалуын бақылайтын қызметкерлер кейбір елеулі себептерді ескеруі тиіс. Ауа райының қолайсыздығына (мойынды, бет-ауызды шарфпен орау), медициналық талаптарға байланысты (маска тағу) немесе адамдар қызметтік міндетін атқарған кезде (арнайы жасақ іс-қимылы) және мәдени-спорттық, азаматтық қорғаныс іс-шараларын өткізгенде заң нормаларына сай жауапқа тартылмайды. Полиция департаментінің ресми өкілі салалық ведомстволар жазалау шаралары әлі нақтылануы мүмкін екенін айтты.
– Мәселен, көпшілік жерде басына капюшон киіп, көзіне көзілдірік тағып алған адамға алдымен ескерту беріледі. Егер ескертуге құлақ аспаса, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 667-бабы («Құқық қорғау органы, әскери полиция органының заңды талабын орындамау») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен «Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыратын киімдерге тыйым салу» нормасы бойынша белгілі бір заңда немесе кодексте ескерту беру, айыппұл салу, бас бостандығын шектеу секілді нақты жазалау тәртібі айқын көрсетілген баптар жоқ. Әзірше «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекс аясында реттеледі, – деп түсіндірді полиция майоры.
ПД ресми өкілінің айтуынша, хиджаб, шила, химар, әл-амира және тағы басқа діни киімдерді киіп жүру заңға қайшы емес. «Заң талабын түсіндірген кезде ешқандай тұрғын қарсылық танытқан жоқ. Соған сәйкес ешкімге де айыппұл салынбады. Әрине, Қазақстан азаматтарының діни наным-сенім бостандығын қадірлеу – жалпыға ортақ міндет. Дегенмен елдегі барлық тұрғын осы заң талабын орындауға міндетті. Көшеде маска тағып алып жүретін жастарға да ескертіп жатырмыз. Рұқсат етілетін жағдайларды есепке алмағанда, бет-әлпетті тануға мүмкіндік бермейтін киім үлгілерін қолдануға тыйым салынды», – деді Нұржан Қуанғали.

Облыстағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» бөлімінің басшысы, теолог Бағдат Адайхан да діни ортада бұл заң бабы қызу талқыланғанын айтты.
– Бет-әлпетті тұмшалайтын киімге тыйым салу жөніндегі норманы кейбірі дұрыс қабылдаса, кейбірі түсінбей жатқанын айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары да «Ниқабқа тыйым салынды» деген тақырыппен жаппай ақпарат таратты. Түптеп келгенде, мұның діни наным-сенімге қатысы жоқ. Сондықтан «Діни сенім бостандығына шектеу қойылып жатыр» деп байбалам салу қате. Исламда Әбу Ханифа мәзһабы бойынша бетті жауып жүру парыз емес.
Менің өзім де, зайыбым да дін жолындағы адамдармыз. Жұбайым Алланың әміріне сай әуретін жауып жүреді. Бірақ ниқаб қолданбайды. Дін істері басқармасының тапсырмасына сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізгенде әртүрлі аудиторияға заң талабын орындау – әр азаматтың міндеті екенін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Мемлекетімізде мұсылмандардың құқығын ешкім шектеп жатқан жоқ. Осы норманы көпшілік қауіпсіздікке байланысты қолға алынған шара деп қабылдайтыны анық, – деді теолог.
Маусым айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған қатысты мәлімдеме жариялады.
«Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған. Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды», – деді ҚМДБ.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»