Оралда Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің қызметшілері 1 қазан – Қарттар күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жастағы Скаленко Вениамин Пантелеевичтің шаңырағына арнайы барып, ақсақалға құрмет көрсетті.

Өңірдегі көзі тірі сегіз майдангердің бірі саналатын қарт жауынгерге әскери оркестр майдан жылдарының әуендерін орындап, естелік сыйлық пен алғысхат табыс етті.

Әскерилер ғасыр жасаған қарияға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, Отан үшін жасаған ерлігі мен өнегелі өмір жолына тағзым етті.

Өз кезегінде Вениамин Скаленко ұландықтардың ықыласына риза болып, майдандағы естеліктерін бөлісті:
– Ұлттық ұлан сарбаздары жылына бірнеше рет арнайы келіп құттықтап тұрады. Адамға ең керегі – көңіл ғой. Жасың ұлғайған сайын соны анық сезесің. Қуаныш сыйлағандары үшін алғыс айтамын. Соғыс біздің жастық шағымызды жалмады. Ендігі ұрпақ бейбіт күннің қадірін білсе деймін, – деді ардагер.

Құттықтау рәсімі әскери оркестрдің «Жеңіс күні» және майдан жылдарының басқа да әндерін орындауымен қорытындыланды.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі