1.10.2025, 20:00
Оқылды: 225

Еділ есімі ел жадында

Ел ішінде «Шағын Куба» аталатын Шыңғырлау ауданы елішілік, халықаралық шаршы алаң бәсекелерінде атой салған былғары қолғап шеберлерімен мақтанады. Ауданда бокс өнерінің қарыштап дамуына үлес қосқан жандардың бірі – Еділ Ишекенов. Өмірі қысқа болса да, артында үлгі боларлық іс қалдырған спортшысын шыңғырлаулықтар ұмытқан емес.

f39b8395-7487-41dd-9b96-44e06172cfb6

Ауданда 32 жыл бойы боксшы Еділді еске алу турнирі ұйымдастырылып келе жатыр. Елім деген ерге көрсетілген құрмет деген осы болар?!
Талай жас боксшының томағасын сыпырып, додаға қосқан аталмыш жарыс тағы да жалауын желбіретті. Шыңғырлау төрін дүбірге бөлеген бәсекеге 2011-2012 жылдары туған 250-ге жуық боксшы қатысып жатыр.

91d7de19-5a69-46a7-a19b-99544389850a

Беделді жарысқа Ақтөбе облысы 4, Атырау облысы 3 команда жіберсе, Маңғыстау облысы мен турнирге алғаш рет келген Алматы облысы үздік жас былғары қолғап шеберлерін жіберді. Одан бөлек өңір аудандары да үміт артқан боксшыларын Шыңғырлауға аттандырды. Төрт күнге созылатын шаршы алаң додасына қатысушылар 15 салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтайды.
Жуырда турнирдің ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары жетістіктер бөлімінің басшысы Ринат Дүйсенов, Ишекеновтер әулеті, белгілі бапкер Александр Пятин және спорт жанашырлары мен турнир демеушілері қатысты.

b5a706d4-2186-4eae-b9ba-1808558655b3
- Еділ бауырымызды еске алу турнирінің тарихы терең деуге болады. Шыңғырлау шаршы алаңы ел намысын әлемдік аренада қорғаған талай саңлақтың бокстағы жолын ашты. Биылғы додаға келген жас былғары қолғап шеберлері де сол ағаларындай биік шыңдарды бағындырады деген сенім мол. Бағы мен бабы келіскен шын мықты жеңіске жетсін, - деді Мұрат Амангелдіұлы.
Одан соң сөз алған бапкер Александр Пятин Еділ Ишекенов КСРО олимпиада құрамасына үміткер болғанын еске алды. Сондай-ақ адамгершілігі мол тұлға болғанын тебіреніспен атап өтті.
Еділ Хамидуллаұлы Ишекенов бокспен 1978 жылдан бастап айналыса бастайды. Алғашқы бапкері – Александр Ильич Пятин. Ол жас боксшының бойынан спортқа деген бейімділікті, ашыла қоймаған шеберлік пен талантының бар екенін алғашқылардың бірі болып байқайды. Еділдің шеберлігіне тәнті болған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Александр Драч оны 16 жасында Маңғыстау облысына алдырады.  Ақтаудағы мектепті аяқтаған соң Санкт-Петербург қаласындағы Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Еділ ағамыз 1987-1988 жылдары екі мәрте КСРО кубогінің финалисі , Польша, Болгария мемлекеттерінде өткен ірі халықаралық жарыстардың женімпазы атанады. Ал 1987 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының спорт шебері атағына ие болады.

228a5db1-1409-4162-aa9a-f92767de61b3
Айта кетейік биыл Еділ Ишекеновті еске алу турнирі 32-ші рет ұйымдастырылуда. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қыркүйектің 4-і күні анықталады.

6e3356e2-394d-43c6-830b-50cb873e4312

Түгелбай Бисен
Фотоға түсірген: Бекзат Қанәділ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале