Бүгін мәдени демалыс орталығы, Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ата сөзі – бата сөзі» атты аудандық батагөй қариялар фестивалі ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – қазақ халқының рухани мұрасы саналатын бата беру дәстүрін ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және үлкендердің қоғамдағы рөлін арттыру болып табылады.
Фестивальдің алғашқы бөлімінде сахна төріне ауданның батагөй қариялары шақырылып, қазылар алқасы таныстырылды. Қазылар құрамында Жаңақала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов, кеңес мүшесі Ермек Мендіқан, сондай-ақ Қырқопа ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Сисекешова болды. Фестивалге ауылдық округтерден Шахиолла Әбуғали (Жаңақала), Табылды Масатов (Қызылоба) Есенғабыл Ибрашев (Бірлік), Бақтығали Салиев (Пятимар), Жасқайрат Төлеуғалиев (Қырқопа), Нұрлан Ғалымжанов (Мәстаксай) Аманжан Салауатов (Көпжасар), Жүсіп Туманов (Жаңақазан) сынды ақсақалдар бата беріп, бақ сынады.

Салт-дәстүр мен ұлттың рухани негізін дәріптеген фестивальге құттықтау сөзді Қырқопа ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов арнады. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, батаның тәрбие мен рухани күш екенін атап өтті.
Бірінші кезеңде, қатысушылар «Даналықтың көзі – қариялар» атты таныстыру бөлімі арқылы елге сіңірген еңбектерін, өмірлік тәжірибесін таныстырып, даналық сөздерімен көпшілікті тәнті етті. Екінші кезең – «Бата алғанның бақыты бар» атты бөлімде үміткерлер жеребе арқылы түрлі бата түрлерін сахнада орындады. Олар: ас батасы, сәбиге берілетін бата, той батасы, ел мен жерге арналған бата, наурыз батасы. Әрбір батада өмірлік мән-мағына, тілек пен тағылым үндесті. Үшінші кезең – «Елге аманат» атауымен жалғасып, қариялар жүректен шыққан өз баталарын арнады. Бұл – рухани тәрбие мен ұрпаққа үлгі болатын ең маңызды сәттердің бірі болды.
Фестивалді мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары Бекқали Сағынғалиев, Қуанышбек Айдарбеков, Меңдігүл Иманалиева, Ақтілек Жиенғалиев ән шырқап, кештің шырайын келтірді.

Фестиваль соңында барлық қатысушы қарияларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, шапан жабылды. Қонақтар естелік суретке түсіп, мерекелік дастарханнан дәм татты.
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы