2.10.2025, 16:15
Оқылды: 101

Өркен мектебінің өрісі кең

Дәм-тұз бұйырып, 2021-2023 жылдары Бәйтерек ауданының Көшім ауылдық округіндегі Өркен орта мектебінде еңбек еткен едім.  Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым.  Сол уақыт өмірімдегі ерекше кез болып қалды.

Айгул калиева

«Күнді ұрланды бұл жалған, жылды ұрлады...» деп ақын Жанат Әскербекқызы жырлағандай, өзім шын пейіліммен, ерекше сезіммен еңбек еткен осы ұжымымды қашанда аса үлкен ризашылықпен қазіргі әріптестеріме, шәкірттеріме үлгі ретінде айтып отырамын. Бұл ұжымдағы ең басты құндылық – бірлік пен сыйластық еді, әлі де солай деп ойлаймын. Әрбір ұстаз өз еңбегін ортақ іске арнап, бір-бірін қолдап, әрқашан ынтымақтастық танытатынына риза болатынмын. Осындай татулығы жарасқан ортада еңбек ету бақыты бұйырғанына мың да бір шүкір деймін. Иә, сол шақтар мен үшін үлкен бақыт әрі баға жетпес тәжірибе болды. Жалпы бұл уақыт ішінде әріптестерімнің кәсібилігіне, ынтымақтастығына және бауырмалдылықтарына талай мәрте куә болғаным бар.

«Жақсы басшы – жарты бақыт» демекші, сол кезде де, әлі де аталмыш мектептің директоры болып келе жатқан Айгүл Қалиева туралы көп айтуға болады. Әрдайым жаңа идеялар ұсынып, жаңашыл көзқарасын білдіріп отыратын, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты назарда ұстайтын, әрбір мұғалімнің жағдайына бейжай қарамайтын ондай жанмен қоян-қолтық жұмыс істегенімді тағдырдың сыйы деп білемін. Ол кісінің тың бастамасымен мектептегі оқу-тәрбие үдерісі жетілдіріліп, білім сапасы артты. Сөздің шыны керек, осы уақытқа дейін жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды сіңіру үшін шаршамастан тер төккен Айгүл Жақыпқызындай мектеп басшысын кездестірмедім. Сөзді үлкен өнер деп білетін, қалам ұстаған жандарға деген құрметі бөлек директорымыз мерзімді баспасөзді өзі бастап оқып, ұжымға да насихаттап отыратын. Қашанда үстелі республикалық, облыстық, аудандық газеттерден арылмайтын. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген тамаша тәмсілді ұстанатын басшымыздың осынау еңбегінің нәтижесінде шәкірттеріміз облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясы балаларға арнап ұйымдастырған байқаулардың жеңімпазы атанды.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің, «Орал өңірінің» бастамасымен Оралда өткен түрлі ісшараларына оқушыларымызбен бірге көптеген әріптесіміз де барып қатысты. Мектебіміздегі түрлі іс-шараларға облыстық, аудандық газеттердің тілшілері арнайы келіп, қатысып, оларды газет бетіне жариялады.

6833ef62-9fac-47a4-9387-ccefa9613b52

Айгүл Жақыпқызы – әріптестерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңа жобаларға ынталандыра білетін нағыз көшбасшы.

Осы сәтті пайдаланып, Өркен мектебіндегі барша әріптестерімді кәсіби мерекеміз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтағым келеді.

Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріне табыс, зор денсаулық, отбасы бақытын тілеймін! «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан ғой хәкім Абай. Сондай жақсы ұстаздар Өркенде көп болған, қазір де бар, алдағы уақытта боларына сенімім мол!

Айгүл Бисенғалиева,

М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейдің мұғалімі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале