Дәл осындай атаумен ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында челлендж жариялады. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.

Жақында облыстық білім басқармасының қызметкерлері челлендж аясында өз ұстаздарын шақырып, ізгі тілектерін айтып, құрмет көрсетті. Іс-шара ұстаздарға арналған жылы лебіздермен басталып, олардың шәкірт жүрегіндегі орны мен рухани ықпалы ерекше атап өтілді.
Шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин сөз алып, ұстаздарға деген құрметі мен ризашылығын білдірді.
– Ұстаз – шәкірт өміріндегі алғашқы бағыт беруші. Сондықтан мұғалім еңбегін бағалау – баршамыздың ортақ борышымыз. Менің өмірімде ерекше орын алған жандардың бірі – Махуза Құрманғалиева. Ол – әр кез шәкірттерін табандылықпен тәрбиелеген жан. ҰБТ кезінде апайымның сабағы – Қазақстан тарихынан 30 балдың 29-ын жинағаным әлі есімде. Мектебіміздің шәкірттерінің көбі Махуза апайдың берген пәнінен жоғары балл жинайтын. Бұл ұстазымыздың өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады. Бірде жолда көлік сынып, біраз тұрып қалдық. Сол кезде апайымыздың «Осы уақытты да бос өткізбеу керек.
Айналадағы жусанды біраз жинап алсаң, үйге апарып аула сыпыратын сыпыртқы жасайсың» деген сөзі мәңгі есімде қалыпты. Қазір апайымның сол сөзі әр кез санамда тұрады, – деп сөзін сабақтаған басқарма басшысы ұстаздарды мерекемен құттықтап, ақ тілегін арнады.
Шарада ерекше әсерлі сәттердің бірі – «Ұстаздан түйген бір сөз» атты акция болды. Онда әріптестер өз ұстазынан естіген өмірлік маңызды кеңестермен бөлісіп, шағын бейнеролик арқылы көрермендерге ұсынды. Бұл сәт көпшіліктің көңілін босатып, естеліктерге жетеледі.
Кештің жалғасы ретінде ұйымдастырылған «Алғыс эстафетасында» қатысушылар өздерінің ұстаздарына алғыстарын білдіріп, жүрекжарды лебіздерін ортаға салды. Концерттік бағдарламамен өрнектелген кеш соңында «Ұстазға алғыс» әні орындалып, оларға гүл шоқтары мен алғысхаттар табысталды.
Мерекелік кеш ұстаздарға арналған арнайы жайылған дастарқанға жалғасты.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»