Ақсай қаласындағы №5 жалпы орта білім беретін мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Бұл сыныпқа ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, подполковник Ишболат Шектебаевтың есімі берілді. Егер көз алдымызда жүргенде Ишболат Төреғожаұлы дәл осы күні тура 80 жасқа толады екен.

Мектеп ауласында «Жас сақшы» сыныбына қабылданған, түгелімен мерекелік полицей киімін киген өрімдей ұл-қыздар сымдай тартылып, сап түзеп тұрды.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық мәслихаттың депутаты Анвар Агаяр, БҚО полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қадыржан Сағын, Бөрлі аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сұлтан Шалдарбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрметті ардагері, Бөрлі ауданының құрметті азаматы, Ишболат Шектебаевтың жұбайы Мәдина Шектебаева, ардагердің ұлы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Ақсайгазсервис» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тілек Шектебаев, ҚР Мұнай-газ өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері және басқа да танымал тұлғалар мен ішкі істер саласының ардагерлері қатысты.
Іс-шара Отанымыздың гимнімен ашылды. Содан соң жиналған қауым ішкі істер саласының ардагері Ишболат Төреғожаұлын бір минут үнсіздікпен еске алды. Алғашқы сөз кезегі облыстық полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қадыржан Сағынға берілді.

– «Жас сақшы» сыныбына іріктеуден өтіп, үздік деп танылған 15 оқушы қабылданды. Осымен биыл облыс бойынша екінші мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылуда. Сыныпты ашудағы басты мақсат – оқушыларды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу, оларға әскери тәрбие беру, ішкі істер саласында жұмыс істеуге бағыт-бағдар сілтеу. 11-сыныпты тәмамдағаннан кейін «Жас сақшы» түлектеріне арнайы сертификаттар беріледі. Осы куәліктер кейін Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына түсуге септігін тигізеді.
Тәртіп сақшысы болу – өте жауапты міндет. Ел қорғаны боламын деген өрендерге тәлім-тәрбие мен кәсіби бағыт-бағдар беруге біз әрдайым дайынбыз.
Жаңа сыныпқа ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Ишболат Шектебаевтың есімі беріліп отыр. Ол осы салада қызмет атқарған жылдары кәсіби біліктілігімен, қоғам алдындағы зор жауапкершілікті сезінуімен және уақытпен санаспай жанкешті қызмет істеуімен ерекшеленді. Сонымен қатар Ишболат Төреғожаұлы қарауындағы жас қызметкерлердің адам ретінде де, маман ретінде де қалыптасуына үнемі көңіл бөлді. Бүгіндері олардың бірқатары жоғары және орта буын басшылық лауазымды абыроймен атқаруда.
Жас сақшылар, сендер заң мен тәртіптің қадірін білетін, адамгершілік пен әділдікті ту қылып ұстайтын азамат болып өсетіндеріңе сенемін. Бұл сынып сендерге заң саласының негіздерін, қоғам қауіпсіздігі мен тәртіп қағидаларын үйрететін болады, – деді полковник Қ. Сағын.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрметті ардагері, подполковник Шектебаевтың зайыбы Мәдина апай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, үйірме қатысушыларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Мәдина Жүсіпқызы облыс пен аудан әкімдеріне, облыстық полиция департаменті мен аудандық полиция бөлімінің басшыларына, аудан азаматтарына және Ишболат Шектебаевтың әріптестеріне риза пейілін білдірді.
– Бүгін «Жас сақшы» сыныбының ашылуына куә болып тұрмыз. Осы сыныпта мұғалімдердің халқына қорған болатын, ел-жұртқа адал қызмет ететін нағыз сақшыларды тәрбиелейтініне сенімім мол. Азамат болу – қасиет, адам болу – міндет. Ишболат аға бар ғұмырын қоғамның тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнады. Адамгершілігі мен кәсіби шеберлігін ұштастыра білген азамат ауданға, облысқа танымал тұлға ретінде ел есінде қалды. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген ғибратты сөз бар. Асыл жары Мәдина апа екеуі ел-жұртқа үлгі боларлық отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешті. Асылдың сынығы, алтынның тұяғы деуге лайық ұл-қыз тәрбиеледі, – деді үлкен буын атынан Шүкірғали Сапаров.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз еңбек ардагері, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген ардақты ана, жылдар бойы қоғамның тыныштығы үшін мінсіз қызмет еткен подполковник Ишболат Шектебаевтың асыл жары Мәдина Жүсіпқызына ерекше ілтипат көрсетіп, облыс әкімі атынан гүл шоғын ұсынды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан «Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін» дейді. Әрине, ұрпаққа тәрбие беру жолында ұстаздар, аға буын өкілдері аянбай еңбек етіп келеді. «Өмірдегі ең үлкен саясат – жастардың тәрбиесі» деген екен Конфуций данышпан. Біз жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, перзенттеріміз елжанды, отаншыл тұлға болып қалыптасатындай тәлім-тәрбие беруіміз қажет. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегенде отбасында берілетін өнегелі тәрбиені меңзегені анық. Сүйемдей жер үшін сүйегін қалдырған ата-бабаларымыз аманат қылып кеткен қазақтың дархан даласын әрі қарай түлету де, күзету де таяу болашақта сіздерге жүктеледі, жас жеткіншектер! Осы орайда қоғамдық тұрақтылық пен ел тыныштығын күзетудегі Ишболат Төреғожаұлының жылдар бойғы қажырлы еңбегі сіздерге өмірлік өнеге. «Жас сақшының» жақсы аты шықсын! – деп тебірене сөйлеген Нұрділдә Ораз №5 мектептің директоры Гүлмира Сембиеваға облыс әкімі жолдаған құттықтаухатты табыстады.
Жиында И. Шектебаевтың досы, ішкі істер құрылымдарының ардагері Сағынғали Мырзағалиев сөз алып, Ишболат ағаймен бірге қажырлы қызмет атқарған кезін еске алды. Зейнеткер әріптесінің әулетіне есен-саулық тіледі. Содан кейін жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдады. Бұдан соң бір топ өрен саптық шеру жасады. Іс-шарада полиция майоры Әділбек Нұғыманов пен жаңа клуб мүшесі, мектеп оқушысы Лия Айдаболова «Полиция мектебі» әнін шырқады. Полиция бөлімінің арнайы жасағы жекпе-жек әдіс-тәсілдерін көрсетті. Іс-шара мектеп ғимаратының ішіндегі «Жас сақшы» сыныбында жалғасты.

«Жас сақшы» сыныбына қазақ және орыс тілінде оқитын 7-8 сыныптардан 15 оқушы қабылданған. Биылғы оқу жылынан бастап арнайы үйірме жұмыс істеп жатыр. Оған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жетекшілік етпек.
«Жас сақшы» сыныбының қабырғаларына танымдық ақпарат беретін бірнеше тақта ілінген. Оның бірінде «Қазақстан Республикасының халық Қаһармандары» атты бейбіт күндері ерлікпен қаза тапқан сардарлар мен сарбаздар, әскери қайраткерлердің фотосуреттері бекітіліп, қысқаша өмірбаяндары жазылған. Тағы бір тақтада ішкі істер құрылымдарының ардагері Ишболат Төреғожаұлының өмірбаяндық деректері мен подполковник Шектебаевқа берілген марапаттардың куәліктері орналастырылған. Кабинеттің іші кең, жарық. «Жас сақшы» сыныбында іс-шараға қатысқан азаматтар жас сақшыларға сәттілік тіледі. Демеушілер осы іс-шараның аясында мектепке интерактивті Led-панель тарту етті.
Подполковник И. Шектебаевтың өмірбаяны
Шектебаев Ишболат Төреғожаұлы 1945 жылы 25 қыркүйекте Ресейдің Орынбор облысында жарық дүниеге көрінген.
1964-1967 жылдары Отан алдындағы борышын Венгрия елінде өтеді. Кеңес әскерлерінің Батыс тобының құрамында атқыштар взводының командирі болды. Жоғары әскери көрсеткіштері үшін 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы» медалімен марапатталды.
Әскери демобилизациядан кейін Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданына қоныс аударды. Алғашқы еңбек жолын аудандық ішкі істер бөлімінде милиция қызметінен бастады. Аталған бөлім басшысының орынбасары болғаннан кейін 1980-1985 жылдар аралығында Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімін басқарды. Өз ісін кәсіби түрде атқара жүріп, Қарағанды жоғары милиция мектебінен заңгер мамандығы бойынша жоға-ры білім алды.
1985 жылы Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау, Теректі әкімшілік аймақтарында ауданаралық криминалдық милиция бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалды. 1970-1993 жылдар аралығында табан аудармай қызмет атқарған ардагер абыроймен құрметті еңбек демалысына шықты.
Ишболат Төреғожаұлы ҚР Ішкі істері министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, «Қылмыстық іздестіруге - 100 жыл», «Бөрлі ауданына - 75 жыл» медальдарымен, «Құрметті ардагер» төсбелгісімен, БҚО ішкі істер басқармасының Құрмет грамоталарымен және тағы басқа наградалармен марапатталды.
Мәдина Жүсіпқызы екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Тілек Шектебаев қазіргі уақытта мұнайгаз саласындағы ірі компания – «Ақсайгазсервис» АҚ-ны басқарады. Қызы Рәзия «ҚПО б. в.» компаниясының геология бөлімінде қызмет істейді. Ал Гүлнәр Ишболатқызы қаржы саласында еңбек
етеді.
Мәдина Шектебаева,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрметті ардагері, Бөрлі ауданының құрметті азаматы:
– Біздің отағасы әр жылдары Жәнібек, Бөрлі аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарды. Қоғамдық тәртіпті нығайту үшін жағдайының бар-жоғына қарамастан уақытпен санаспай ел-жұрттың тыныштығы үшін жылдар бойы тыным таппай қажырлы қызмет істеді. Осындай асыл жарды жолықтырған тағдырыма ризамын. Ол байсалды, сабырлы адам еді. Азаматым көп ішінде көсіліп сөйлемейтін. Ал сөйлей қалса, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытып, байыппен сөз қозғайтын. Ол өте салмақты адам, парасатты азамат болды. 58 жыл отасып, ұл-қыз сүйіп, тату-тәтті ғұмыр кештік. Балаларымыздың бізге сөз келтірген кезі жоқ. Арқасүйер азаматым өмірге құштар жан еді, әттең, коронавирус кеселінен көз жұмды...
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жастардың болашағы жарқын болғай!
Бауыржан Ғұбайдуллин,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі:
– Елімізде жасампаз да жарқын істер жүйелі жүзеге асуы үшін қоғамдық тұрақтылық пен заң үстемдігі берік орнығуы шарт. Даңқты дивизия командирі, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген екен. Жас жеткіншектерді қаршадайынан, балабақшадан, мектептен заң атаулыны сыйлауға, заң талаптарын орындауға тәрбиелеуге тиіспіз. Демек, «Жас сақшы» сыныбы осы мектепте тәртіптің нығаюына, оқушылар арасында әртүрлі заңға қайшы әрекеттердің барынша болмауына ықпал етеді деп сенемін.
Ясмин Хамзина,
Ақсай қалалық №5 ЖББОМ 8-сынып оқушысы:
– Қыркүйек айының басында «Жас сақшы» сыныбына іріктеу басталды. Талап бойынша спорттық іс-шараларға белсенді қатысатын оқушыларға басымдық берілді. Мен волейбол, баскетбол ойнауға бейіммін әрі оқу озатымын. Болашақ мамандығым жайлы жиі ойланатынмын. Жаңа клубқа қабылданғаннан кейін нақты шешім қабылдадым. Ар-маным – полиция академиясына оқуға түсу.
Санжар Ізбасаров,
Ақсай қалалық №5 ЖББОМ 8-сынып оқушысы:
– Мектепте орыс тілінде білім беретін сыныпта оқимын. Болашақта прокурор болғым келеді. «Жас сақшы» сыныбына қабылданғаныма қуаныштымын. Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтауға тырысамын. «Жас сақшы» арқылы алдағы уақытта біраз пайдалы нәрсені үйренемін деген ойдамын.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»