3.10.2025, 17:45
Оқылды: 66

Білім қуған жастарға ақ жол тіледі

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Студенттер қатарына қабылдау - 2025» салтанатты шарасы өтті.

2

«Жастар бастамасын дамыту» орталығы ұйымдастырған салтанатты іс-шараға университеттің басқарма басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және шақырула қонақтар қатысты.

Жылдағы дәстүрге сай білім ордасының табалдырығын аттап, студенттік жылдарға қадам басқан жас буынға арналатын іс-шара реформатор қазақ ханы Жәңгір Бөкейұлы туралы театрландырылған қойылыммен ашылды. Бұдан әрі бірінші курс студенттері ант қабылдап, оларға символдық мән-мағынасы терең білім кітапшасы мен білім кілті табысталды.

Салтанатты шара барысында сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаев және жас ғалым, PhD доктор Аружан Нұғманова студенттерді құттықтап, ақ жол тіледі.

Мерекелік шарада университеттің өнерпаз жастарынан құралған «Тұмарым» вокалдық ансамблі, «Ерке нұр» ұлттық би ансамблі, «Нарын сазы» ұлттық аспаптар ансамблі ұжымдары өнер көрсетті.

1

Биылғы оқу жылында Жәңгір хан университетіне бакалавр, магистратура, докторантура деңгейлері бойынша 1400-ге жуық білім алушы оқуға қабылданды. Жалпы 100-ден астам білім беру бағдарламасы бойынша кәсіби мамандар даярлайтын жоғары оқу орнында биыл «Сәулет өнері», «Еңбек технологиясы және кәсіби бағдар», «Химиялық бақылау және өндіріс өнімдерін сараптау», «Экожүйелердің тұрақты дамуы», «Спорттық менеджмент» сынды білім беру бағдарламалары ашылып, өз жұмысын бастады. Жалпы университетте 4600-дей білім алушы оқиды.

БҚАТУ баспасөз қызметі 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале