4.10.2025, 16:30
Оқылды: 229

Әкім есебі – халық пікірімен құнды

Кеше Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Болашақ ауылдық округіндегі мәдениет үйінде аудан халқы алдында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

IMG_1224

Жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, округ әкімдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

IMG_1196

Есептік кездесуде аудан әкімі Асланбек Сарқұлов аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың 8 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21 млрд теңгені құрап, оның ішінде жеке инвестициялар 17 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында да өсім байқалуда.

— Аудан экономикасының негізгі тірегі – агроөнеркәсіп кешені. Мал саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде ірі қара — 162 591, қой-ешкі — 337 273, жылқы — 40 246, түйе — 276, құс — 19 156 басқа жетті. Асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында 128 шаруашылықта 22 901 ірі қара, 44 шаруашылықта 19 799 қой, 5 шаруашылықта 1 393 жылқы өсірілуде. Сонымен бірге, аудан шаруашылықтары биыл ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген 1,2 млрд теңге көлеміндегі субсидияға ие болды, — деді аудан басшысы.

IMG_1201

Асланбек Сарқұловтың айтуынша, биылғы жылы шөп шығымының төмендігіне қарамастан, аудан шаруашылықтары мен тұрғындар мал азығын дер кезінде дайындап алуға күш салған.

 

— Аудан бойынша бүгінге дейін 320,1 мың гектар жер шабылып, орташа өнімділік 2,2 центнерді құрады. Нәтижесінде 86,9 мың тонна шөп жиналды, 20,8 мың тонна басқа аудандардан тасымалданды. Бұған қоса, өткен жылдан қалған 162,7 мың тонна қор бар. Алдағы мал қыстағына барлығы 270,4 мың тонна шөп дайындалды, бұл қажеттіліктің 71 пайызын құрайды, — деді әкім.

Кездесуде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы туралы айтты.

IMG_1234

Өңір басшысы Жолдауды еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағалап, онда көрсетілген бағыттардың ел экономикасын тұрақтандырумен қатар, аймақтардың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

— Президент ұсынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қаладан – ауылға» және «Ауыл аманаты» сияқты бастамаларды іске асыру арқылы ауыл өмірінің сапасын арттыруға болады, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Атап айтқанда, Казталов және Қайыңды ауылдарындағы көшелерге қара жамылғы төсеу, қуаңшылық салдарымен күресу, Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне су қоймаларын салу, Болашақ ауылдық округіндегі жолдарды жөндеу, Көктерек—Жұлдыз—Қарасу бағытындағы жолды қалпына келтіру, Ақпәтер ауылына асфальт жол тарту, Жалпақталдағы К.Меңдәлиев атындағы мектеп жанындағы аяқталмаған нысанды жөндеу, жайылым мен шабындық жерлердің азаюы, ауданға ауыз және техникалық су жүйесін тарту, сондай-ақ қуаңшылыққа байланысты субсидия төлеу мәселелері қозғалды.

Әкімдер мен тиісті басқарма өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, облыс әкімі Нариман Төреғалиев көтерілген мәселелер бойынша жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале