Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай ауылдық округі – өңірдегі ірі ауылдық округтердің бірі. Табиғаты шырайлы, халқы еңбекқор бұл мекен кейінгі жылдары жаңа тыныс алып, әлеуметтік, экономикалық бағыттарда қарқынды дамып келеді екен.
Қазіргі күнде округте екі мыңға жуық адам тұрады. Мәстексай ауылдық округінде бір елді мекен, 41 қыстақ бар. Округте екі орта мектеп, бөбекжай-бақша, дәрігерлік амбулатория, дәрігерлік пункт, мәдениет үйі, ауылдық клуб, төрт кітапхана бар. Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулатория жаңартылып, тәжірибелі маманмен қамтылған. Медициналық қызмет көрсету сапасы артып, 1 510 адам стационарлық негізде, 81 адам күндізгі стационарда, 14 адам үй жағдайында ем қабылдаған.
Мәстексайдағы С. Меңдешев атындағы орта мектепте 47 мұғалім, 235 оқушы бар. Бұл білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ә. Жангелдин атындағы орта мектептегі 100-ге жуық оқушыға 33 педагог білім беріп жүр. Ауылдың бүлдіршіндеріне арналған «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасы 140 орынға лайықталған. Қазіргі таңда мұнда 51 бала тәрбиеленуде.

– Мәстексай тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы жылдары ауылда төрт түлікке қоса, құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына «Нұр-Ислам» ЖШС тарапынан салынған (құны 220 млн теңге) шағын ет комбинаты үлкен серпін беруде. Сонымен қатар «Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында екі пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ауылда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді.
Мұнда 10 азық-түлік дүкені, 2 тойхана, 2 шағын дәмхана, 1 көлік жуу орны, 1 сауна халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Ауылдағы мәдениет үйінде алты қызметкер тұрақты түрде жұмыс істейді. Жалпы ауылда газ, су бәрі бар. Биыл жолымыз да жөнделді. Жыл сайын ауылдың әл-ауқаты артуда, – дейді Мәстексай ауылдық округінің әкімі Ержан Нағымұлы.
«Бізді іздеп келетіндер көп»
Біз Мәстексай ауылына барған сапарымызда өз кәсібін бастап, ауылдың әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген кәсіпкерлермен арнайы кездестік. Солардың бірі – Мейрам Кенжебек (суретте) Мәстексай ауылының тумасы. Мұнай-газ саласында мамандығы бойынша қалада еңбек еткенімен, ата-анасына мал шаруашылығына көмектеспек ниетпен ауылға келеді. Алдымен ата кәсібін қолға алған азамат бүгінде үш бірдей нысанды (көлік жуу, дәмхана және сауна) іске қосқан.
– Қазіргідей дамыған заманда малмен отыра беруге болмайды. Ең алдымен көлік жуатын орын аштым. Ол жерде ауыл тұрғындары ақшасын төлеп, өздері жуып алады. Содан соң дәмхана мен саунаны аштық. Негізі дәріхана ашқым келген. Онымен көлік жууға келіп жүрген жігіттер «Енді осы жерде бір шайхана болса, жүрек жалғап, жұмысымызға бара беретін» деп ұсыныс айтты. Қазіргі күнде шағын дәмханамызға келушілер көп. Негізінен қонақтарға ұлттық тағамдар мен балалар жейтін донер, гамбургерлер мен сусындар ұсынамыз. Ішімдік сатылмайды. Күндізгі 11-де ашылған дәмхана түнгі 1-ге дейін жұмыс істейді. Ауыл адамдары үйіне келген қонақты да осында алып келіп жатады. Кейбірі балаларының туған күндерін біздің дәмханамызда атап өтеді. Қасындағы заман талабына сай салынған саунамызға да келушілердің қатары көп. Аудан орталығынан да арнайы келіп тұратын қонақтарымыз бар. Аллаға шүкір. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп, ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша қызмет ете береміз, – дейді Мейрам Кенжебекұлы.
Ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміз алдағы уақытта дәріхана ашып, ауылдағы медициналық қызметті қолжетімді етуді де жоспарлап отыр.
Ерекше атап өтетін жайт, жас кәсіпкер барлық нысанның құрылысын өз қаражатына салған. «Ең басты мақсатымыз – елдің қажетіне жарау», – дейді Мейрам Кенжебекұлы.
«Адал еңбек – ұл-қызыма өнеге»
Мәстексайдағы ауыл өмірінің тынысын кеңейтіп, қарапайым тірлікке әр беріп жүрген жандардың бірі – Ақмарал Алдоңғарова. Ол – жеті баланың анасы.
Көпбалалы, іскер ана 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% жеңілдетілген пайызбен 29 млн теңге несие алып, ауыл орталығынан «Дәмді» атты дәмхана ашты. Бұл жерде ұлттық тағамдар, сүт өнімдері, тары мен шай, көже, қолмен дайындалған бәліштер (духовкада пісірілген), пайдалы сусындар (йогурт, компот), жартылай дайын өнімдер сатылады. Ол өз өнімдерін әзірге үйде дайындайды.

«Үйде отырып-ақ кәсіп бастауға болатынына көзім жетті. Бұл кәсіпті бастамас бұрын жүн түтіп, көрпе жасап саттым. Жұбайым мал шаруашылығымен айналысады. Мал өнімдерін, құс өсіріп, оның жұмыртқасын сатып жүрдім. Былтырдан бері осы дәмханамызды аштық. Ауыл тұрғындарының сұранысымен бұдан үлкендеу дәмхананың құрылысын аяқтап, соған көшкелі отырмыз. Тұтынушыларға негізінен табиғи өнімдер ұсынамыз. Балалар дұрыс тамақтансын, денсаулықтарына зиян келтірмейік деп кока-кола, чипсы сияқты өнімдерді сатпаймыз», – дейді Ақмарал Серікқызы.
Қазіргі таңда Ақмарал ауылдағы төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер болашақта жүн өңдеу, киіз басу бағыты бойынша жобаларды іске асырғысы келеді. Сонымен қатар облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде өңірдегі іскер аналармен тәжірибе алмасып отырады.
«Осы кәсіппен айналысып жүргеніміз бір жағынан күнделікті ақша да керек, екінші жағынан өсіріп отырған ұл-қыздарымыз адал еңбектің қадірін көзбен көріп, сезінсе дейміз. Өнімдеріміздің бәрін өз қолымызбен дайындап, табиғи таза, балғын күйінде тұтынушыларға ұсынамыз. Болашақта сүйек сорпасын жасап, сату да жоспарда бар», – дейді кәсіпкер. Кәсібінің нәсібін көрсем деп, күндіз-түні тырбынып жүрген мәстексайлық бизнесмендерге біз де сәттілік тілейміз.
Түйін
Мәстексай – тарихы терең, болашағы жарқын ауыл екен. Бұл жерде елге шынайы еңбек етіп, адал кәсіп жүргізіп отырған азаматтар мен азаматшалар жетерлік. Ауылдағы әрбір істің ар жағында туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік жатқаны ақиқат. Туған ауылын өр-кендетуге үлес қосар жандардың қатары көбейсе, елдің еңсесі биік болары анық.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»,
Жаңақала ауданы