Бүгін Орал қаласында Қазақстан Республикасының Әуе десанты әскері қатарына шақырылған сарбаздарды шығарып салуға арналған салтанатты рәсім өтті.

Биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Орал қаласынан 30 жас өз еркімен Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды. Халық арасында «қанатты әскер» және «көгілдір береттер» деп аталып кеткен десантшылар Талдықорған қаласында орналасқан әскери бөлімдерде қызмет ететін болады.

Салтанатты іс-шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, ата-аналар, сондай-ақ жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департамент пен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Рәсім барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалиар Айтмағанбетов сөз сөйлеп, әскер қатарына аттанған оралдық жастарға сәттілік тіледі.

– Әскери борыш – әр азаматтың парызы әрі ел алдындағы жауапкершілігі. Сіздер – еліміздің айбынын асқақтатар ерлерсіздер. Қызметтеріңіз сәтті болып, аман-есен елге оралуларыңызға тілектеспін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ата-аналар балаларының амандығын тілеп, ыстық ықыластарын жеткізді. Ал шақырылушылар ел намысын қорғауға дайын екендіктерін айтып, адал қызмет етуге уәде берді.

Іс-шара соңында қатысушылар сарбаздарды қошеметпен шығарып салды.

Отан қорғау – әр азаматтың парызы. Ендеше бейбіт елдің берекесін қорғауға аттанған 30 оралдық жасқа сәттілік тілейміз!
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz,
Фото автордікі
