9.10.2025, 18:00
Оқылды: 131

«Өр тұлға, рухты өлең, өлмес мұра»

Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы саябақта XXV облыстық дәстүрлі «Жұбан оқулары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ақын атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен өткен бұл игі шара қазақ әдебиетінің ірі өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

DSC01897 (1)

Салтанатты жиынның басты мақсаты – Жұбан Молдағалиевтің бай шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, оның поэзиясы арқылы елдік пен ерліктің, отансүйгіштік пен адамгершіліктің биік өнегесін ұрпақ жадында жаңғырту болды. Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын атындағы  №2 мектептің ұстаздары мен оқушылары, қала тұрғындары мен әдебиет­сүйер қауым қатысты.

Іс-шара ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Қатысушылар Жұбан ақынның рухына тағзым етіп, оның ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы өлеңдерін еске алды. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығында бейнеленген соғыс жылдарының қасіреті мен бейбіт өмірдің қадірі жайлы ойлар жиылған жұрттың жүрегінен орын алды.

– Жұбан ақынның 105 жылдығы аясында өңірімізде жыл бойына түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Ол – қазақты елін, жерін сүюге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Оның рухына тағзым ету, есімін ұлықтау шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов.

DSC01917 (1)

Іс-шараға қатысқан тарихшы, өлкетанушы, жазушы, қоғам және мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерінің иегері Жайсаң Ақбай Жұбан ақын туралы естелік айтты. «Жұбан ағаның қасында мен 20 жылдай жүрдім. Екеуміз бірге бірқатар ауданды араладық. Оның қасында жүру маған үлкен мектеп болды. Жұбан аға – қазақ елінің патриоты, дара туған ұлы. Оның ұлтқа сіңірген еңбегін сағаттап айтуға болады», – деді ардагер қаламгер.

Жиынға қатысқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева да ақын хақында ой толғады.

Мерейтой аясында өткен «Жұбан оқулары» байқауының қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орын Бөкей ордасы колледжінің шәкірті, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинист мамандығы бойынша 3-курс студенті Аманат Төлегеновке берілді. Оған диплом мен сый-сияпатты облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов табыс етті. Екінші орын Орал «Сервис» технологиялық колледжінің (тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығы) 2-курс студенті Әмина Қожақоваға бұйырды. Сыйлықты жұбантанушы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызы табыс етті. Үшінші орын Теректі колледжінің компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету мамандығы бойынша 1-курс студенті Азат Латипке берілді. Марапатты «Жауқазын» жас қаламгерлер мектебінің жетекшісі Гаухар Шайхиниязова  табыстады.

– Дәстүрлі Жұбан оқулары байқауы биыл 25-ші рет өткізіліп отыр. 2000 жылдан бастап біздің кітапхана Жұбан ақынның атын алды. Аталмыш байқау содан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы байқаудың ерекшелігі – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында осы мамандықта оқитын студенттер арасында оздырылды. Өңіріміздегі 12 аудан мен қала колледждерінің студенттері қатысты. Байқау ақынның соғыс тақырыбындағы өлеңдерін жаттау, өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беру, өз шығармашылық қабілетін көрсету секілді үш  кезеңнен тұрды. Қатысушылардың бәрі жақсы дайындықпен келген, – деді  Жұбан Молдағалиев атындағы облыс­тық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттері бөлімінің библиографы Зульфия Хайруллина.

DSC01958 (1)

– Мен Бөкей ордасы ауданынан келіп отырмын. 600 шақырым жолды артқа тастап, байқауға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Жұбан атамыздың соғыс туралы өлеңдері ерекше рух береді. Байқауда «Қазақ», «Отан», «Жеңімпаздар сәлемі» сияқты туындыларын жатқа айттық, – дейді 1-орын иегері Аманат Төлегенов.

Іс-шара аясында «Ерлік пен елдікке  толы өмір» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Жұбан Молдағалиевтің шығармалары, өмірі мен шығармашылығына арналған басылымдар мен фотолар қойылды. Көрме оқырмандарға ақын әлемін тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

Салтанатты жиын Жұбан жырының рухымен өріліп, ақын мұрасының мәңгілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Рух пен поэзия, ел мен ерлік сабақтасқан бұл шара ұлт әдебиетінің асыл ар-насына деген құрмет пен сүйіспеншілікті айқын көрсетті.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале