10.10.2025, 10:38
Оқылды: 145

«ALAŇ» аясында жаңа алаң

Елімізде 2023 жылдан бері «ALAŇ» жобасы іске асырылуда. Бұл – Қазақстан футбол федерациясы жүзеге асырып жатқан, үш жылға жоспарланған жоба. UEFA-ның қолдауымен қолға алынған бастаманың мақсаты – еліміздегі футбол алаңдарын жаңарту және бұқаралық спортты дамыту. Биыл аталған жоба аясында елімізде халықаралық талаптарға сай келетін жеті  алаң қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

жасыл алаң1

Спорт алаңдарын демеуші есебінен жаңартуды көздейтін жоба Оралда да қолға алынды. Жаз аяғында қалалық мәдениет және демалыс саябағы жанындағы орталық стадион алаңы сүрілді.

– Қазіргі таңда алаң аумағы толық тегістелді. Төменгі қабатына арнайы қиыршықтас төселді. Енді біртіндеп жоғары қабаттарын төсеуге кірісеміз. Қажетті материалдардың барлығы жеткілікті. Қазан айының соңына дейін алаң ауыстыру жұмысын толықтай аяқтауды көздеп отырмыз, – дейді №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Артур Үмбетқалиев.

жасыл алаң3

Артур Қойшығұлұлының айтуынша, стадионның алаңына қоса, тозып тұрған әжетхана, жүгіру жолағы, спортшылардың киім ауыстыратын орындары, трибуна айналасы толық жаңартылмақ. Жоспарланған ағымды жөндеу жұмысының біразы осы күні басталып кетті. Аяқталғаны да бар.

– Алаңымыз жаңартылған соң стадионның іші-сырты да талапқа сай болғаны жақсы. Сол себепті үнемделген қаржы есебінен жарық беретін мачталар сырланды. Трибуна айналасына арнайы кафель жапсырдық. Салқын түскенше сыртқы жұмыстарды толықтай аяқтап қоясыз. Ал қыста ішкі әрлеу жұмыстары жасалады, – дейді Артур Үмбетқалиев.

жасыл алаң2

Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстың нобайы аяқталған. Алдағы уақытта әбден ескірген жүгіру жолағын жаңалау қолға алынбақ. Сонымен қатар стадион маңындағы шағын футбол алаңының қоршауы мен төсеніші де жаңартылатын болады.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале