Бөрлі ауданы басшылығы қайрымдылық айлығындағы қариялар күніне орай облыс орталығында тұратын өз ауданымыздың қарттарына сәлем бере барды.

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов бастаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Бектұрғанов, мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Бақтығали Макеев және жергілікті атқарушы орган басшыларынан құралған делегация Орал қаласында тұратын қариялармен кездесті.
Кезінде Бөрлі ауданының дамуына елеулі еңбек сіңірген бір топ ардагер ауданымыздың 90 жылдығына орай өткен бұл кездесуге ерекше қуанышта болды. Еңбегінің зейнетін көріп жатқан қарияларға ерекше құрмет көрсетіліп, мерейтойлық медальдар табыс етілді. Сонымен бірге кездесу барысында мерейлі жасқа толған ардагерлерге арнайы ілтипат жасалып, құтты болсын айтылды. Олардың қатарында биыл 80 жасқа толған Қ.Төлебаев, 85 жасқа толған Г.Қазиева, 90 жасқа толған А.Труновтар бар. Бір қуаныштысы осы кездесулердің дәстүрге айналғаны. Бұл басқосуда ардагерлер бір-бірімен жүздесіп, сағыныштарын басып, көңілдері марқайып қалды. Сонымен қатар аудан басшысына ризашылықтарын білдіріп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне тілектестіктерін білдірді.
Кездесу соңында ардагерлер аудандық демалу орталығының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, мерекелік көңіл-күймен тарасты.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы