Тарихы терең, ұрпақ тәрбиесіне тағылымды ой тастай білген, көптеген оқырманның жүрегінен орын алып, тәрбие мен таным көзіне айналған «Самал» газетінің 25 жылдық мерейтойы «Достық» үйінің төрінде аталып өтті.

Алғашқы саны жарық көрген күннен бастап «Самал» газетінің басты мақсаты – балалардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге, ізгілікке, отансүйгіштікке баулу болды. Газет беттерінен мектеп өмірі, өнер мен спорт, табиғат пен туған жер, ұлттық салт-дәстүр, заманауи жаңалықтар туралы мақалалар тұрақты жарияланып тұрады. Осы уақыттың ішінде балалардың қаламын шыңдап, қажетті ақпарат беріп қана қоймай, оқушы кезінен бастап мақала жазуға машықтанған жас журналистерге бағыт сілтеп, қаламын шыңдауға септігін тигізіп, шығармашылығына үлес қосқан газеттің 200 мыңнан астап таралымы бар. Осы салтанатты шара барысында газеттің 25 жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Бала жанының бағбаны» атты мерейтойлық жинақтың тұсауы кесілді. Кітаптың лентасын ақын Сағынтай Бисенғалиев, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызы және ақын, ұстаз Талап Таймасұлы кесті.

5 бөлімнен тұратын кітаптың «Жылы лебіз, ізгі тілек, орнықты ой» бөлімінде өлкеміздің қаламы шыңдалған ақын – жазушыларымыздың құттықтау тілектері енсе, «Самалға арналған арнау өлеңдер» бөлімінде жас балалардың басылымға арнап шығарған өлеңдері енгізілді және «Кітапхана мамандарының мақалалары» бөлімінде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде ат салысып жүрген Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапхансының кітапханашылырының «Самал» газеті беттерінде әр жылдарда жарияланған мақалалары енгізілді, ал «Газет бетінде жарық көрген материалдар» бөлімінде газетте жарияланған әр түрлі мақалалар мен өлеңдер, «Фотошежіре» бөлімінде «Самал» газетінің сүйікті оқырмандары мен жас тілшілерінің суреттері жинақталған.
Салтанатты шараға ҚР Жазушылар одағы БҚО филиалының төрағасы, жазушы Бауыржан Файзоллаұлы, облыстық «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Болатқызы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Мәулетқызы, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Индира Сапарқызы және мамандар қатысып, «Самал» газетінің қалыптасып, оқырмандар арасында таралуына еңбек етіп жүрген тілшілерді алғыс хат және «Руханият жаршысы» төсбелгісімен марапаттады.

Біз де «Самал» газетінің шығармашылық ұжымын және барша оқырмандарын 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Болашақта да «Самалдың» самалы балалар жүрегіне қуаныш пен шабыт сыйлап, еліміздің рухани дамуына үлес қоса берсін!
Айнұр Какимқызы,
Хамза Есенжанов атындағы ОБЖК