Теректі ауданының Шалқар ауылдық округіне қарасты Сарыөмір ауылындағы Х.Есенжанов атындағы орта мектепте керемет мұражай бар.
Мұражайды 1978 жылы Хамза Ықсанұлының 70 жасқа толуына орай ауылдастары ашыпты. Музейді бейнелеу өнері мен еңбек пәндерінің мұғалімдері Зейнолла Уахитов пен Ғинаят Дауылбаев жабдықтаған екен.
1987 жылы жаңа мектеп ғимаратына көшуіне байланысты мұражай қайтадан толықтырылған. Ал 2006 жылы Хамза Есенжанов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы болып өзгертіліпті. 2008 жылы Хамза атамыздың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай жаңа заман талабына сай жасақталған.
Бүгінде мұражайдың іші кең, әрі жарық. Осы жерде жерлес жазушымыздың плащы, қалпағы, костюмі, көйлегі, сағаты, галстук қыстырғыштары, қолжазбалары және автордың еңбектері сақтаулы тұр. Бұл құнды жәдігерлерді 1993 жылы Хамза Есенжановтың 85 жылдық мерейтойының алдында ұлы Әлихан мен келіні Дина естелік ретінде тапсырған.
Сондай-ақ, музейде мектеп тарихымен қоса, өңірге танымал азаматтардың өмірінен мәліметтер келтірілген.
Күлімхан Тасенова