Соңғы кездері қоғамдық көлікте, көшеде толық адамдарды жиі көретін болдық. Семіздік – бұл қазіргі қоғамда кең таралған, жаһандық деңгейде алаңдаушылық тудырып отырған медициналық және әлеуметтік мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша, семіздік XXI ғасырдың ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Ол тек сыртқы келбетке ғана емес, денсаулыққа да елеулі әсер етеді. Сондықтан дене салмағын бақылау – денсаулықты сақтау мен өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бөлігі.

Сурет: istockphoto.com
Семіздіктің себептері қандай деп сараласақ, қазір үлкен-кіші бірдей құнарлылығы жоғары, бірақ қоректік заттары аз фаст-фуд, тәттілер, газды сусындарды жиі қолданатын болды. Оған қоса, қозғалыс аз, дене белсенділігі төмен. Кейбір адамдардың семіздікке бейімділігі тұқым қуалайды. Қалқанша безінің бұзылысы, инсулиннің дұрыс бөлінбеуі, күйзеліс, ішкі жайсыздық кезінде артық тамақ жеу де семіздікке әкеледі.
Ресейде артық салмақ мезгілсіз өлім-жітім қаупінің 5-ші маңызды факторы ретінде тіркелген. Ал Қазақстанда да жастар мен ересектер арасында артық салмақ жиілеп барады. Көп адамдар артық салмақпен күресте жедел әрі оңай жолды іздейді. Осылайша, диеталық таблеткалар мен капсулаларға жүгінеді. Алайда бұл «керемет» шешімдердің артында қандай қауіп тұрғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.
«Дәрі ішіп, денсаулығымды құртып алдым»
Ғаламторды ашып қалсақ, тез арықтаудың тәсілдері туралы жазылған жарнамалардан көз тұнады. Арықтау тек сұлулыққа жету ғана емес, жүрек-қан тамырлары, диабет және буын аурулары сияқты дерттердің алдын алуға жол ашады. Арықтау процесі дұрыс жоспарланбаса, кері әсерлер туындауы мүмкін. Осындай факторларды ескерген жұртшылықтың біразы дұрыс тамақтануға көшіп, салауатты өмір салтын ұстанып жүр. Бұл, әрине, құптарлық. Дегенмен арықтаймын деп түрлі биологиялық қоспаларды (БАД) ішіп, денсаулығына зиян келтіріп алып жүрген, тіпті өмірмен қоштасқандар да бар көрінеді. Дәл осылай арықтаймын деп, ауру жамап алған жандардың бірі Сәуле оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Негізі, өзім мейірбике болып қызмет етемін. Айналамдағы қыздардың арықтағанын көріп, қатты қызықтым. Мен де олармен бірге арықтататын препаратқа тапсырыс бердім. Басында бәрі жақсы болды. Бір аптаның ішінде кәдімгідей арықтап, жинақталып қалдым. Өзімді жеңіл сезініп, қуанып жүрдім. Екінші аптада жүрек қағысым жиілеп, ішім ауырып, әлсіреп қалдым. Бірден «Жедел жәрдем» шақырып, ауруханаға түстім. Дәрігерлер асқазан-ішек жолдарында асқыну барын айтып, ұзақ емдеді. Мен оларға өзімнің қандай дәрі ішкенімді айтқан жоқпын. Өйткені медбике бола тұрып, сауатсыз болғаным үшін ұялдым. Содан бері денсаулығымды түзеуге көп қаражат жұмсадым. Қазір тек күтіммен жүрмін. Күнделікті ырғағымнан сәл ауытқып кетсем, асқазаным ас қорытпай, ауырып қаламын. Оған қоса, үнемі әлденеге мазасыздану, ұйқысыздық, ашушаңдық пайда болды. Бір дәрі ішем деп, денсаулығымды құртып алдым. Сондықтан қыз-келіншектерге әлеуметтік желілерде емін-еркін сатылып жатқан арықтататын шөп шайлар мен препараттарды сатып алмауға кеңес беремін», – дейді аты-жөнін толық айтқысы келмеген кейіпкеріміз.
Дәрігерлер не дейді?
Светлана Оразова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының педиатр, гастроэнтерологі:
– Жалпы, салауатты өмір салтын ұстану үшін, ең алдымен, тамақтану мәдениетіне баса мән беруіміз керек. Қарапайым ғана мысал, көбіміз тамақты әбден уатып, шайнап жемейміз. Тамақ асқазанға топ етіп түспеуі керек – шайнау мен сілекей бөлу маңызды. Тамақ қабылдаған соң 3 сағаттық үзіліс жасау қажет. Ауыз қуысындағы түкірік, яғни сілекей тағамды шылап, өңештен өткізуге көмектеседі. Содан соң, таңғы астың құнарлылығына мән беруіміз қажет. Таңғы ас – өт жолдары мен бауыр үшін аса маңызды. Таңертең аш жүру – өттің қоюланып, тас түзілуіне жол ашады. Таңғы асқа ақ нан мен тәттілерден гөрі ботқа, сары май, талшыққа бай тағамдар тұтынған жөн. Қазіргі таңда адамдар ас қорыту жүйесінің анатомиясы мен физиологиясын білмей арықтауға тырысады. Бұл – өзіңе қастандық жасаумен тең. Арықтаудағы негізгі қателік – дәрігерден кеңес алмау. Адамдардың көбісі арықтауға қатысты мәліметті интернеттен оқиды, бірақ дәрігермен кеңеспейді. Дұрысында, денсаулығын түзеп, салмақ тастағысы келген қыз-келіншектер диетолог, гастроэнтеролог, эндокринолог, фитнес-тренер, психолог мамандардың кеңесіне жүгінуі тиіс. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Сондай-ақ қандай да биологиялық белсенді қоспаны ішер алдында дәрігерге қаралып, анализ тапсырып, тексерістен өту қажет. Қазір жасөспірімдер арасында да семіздік көбейіп барады. Кейде қабылдауға келген жасөспірім толық қыздар ішін, кеудесін жасырам деп корсет киіп алады. Жаңадан өсіп келе жатқан жас ағзаға бұл қауіпті екенін ата-анасына айтып, жеткізуге тырысамын. Соңғы кездері қыз-келіншектер арықтататын түрлі капсулалар мен дәрілерді қолданып жүр. Бұл өте қауіпті. Сондай ақ бір айдың ішінде 10-12 келі салмақ тастау да ағзаға зиян. Тәбетті басатын, іш жүргізетін, стимуляторлық әсері бар дәрілердің бәрі зат алмасуды бұзады. Осыны көбі ескере бермейді. Жиі қолданылып жүрген арықтататын кейбір капсулалардың құрамында сибутрамин секілді қауіпті заттар болады. Сибутрамин – тәбетті басады. Бірақ денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, жүрек пен мидың жұмыс ырғағын бұзып, тәуелділікке душар етеді. Қазір бұл заттың аты қораптардың сыртына жазылмайды. Көп елде қауіпті затты қолдануға тыйым салынған. Бірақ нарықта әлі де әртүрлі атаумен сатылуда. Дәрігердің кеңесінсіз кез келген дәріні алып, іше беруге болмайды. Сондықтан қыз-келіншектерге арықтататын капсулаларды, шайды сатып алмауға кеңес беремін.
Гүлнар Мұқанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гастроэнтерологі, гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі:
– Соңғы жылдары әйелдер арасында семіздік (артық салмақ) мәселесі жиі кездесетін болды. Көпшілігі арықтау мақсатында тамақ ішуді мүлде тоқтатып, денсаулығына зиян келтіріп жатқаны жасырын емес. Алайда дұрыс салмақ тастау үшін аштыққа бой алдыру – өте қауіпті. Қазіргі заманда технологияның дамуымен қатар, арықтауға арналған түрлі әдістер мен құралдар пайда болуда. Биологиялық қоспалар мен арықтататын препараттардан бөлек, дене пішінін түзеу мақсатында асқазанға ота жасатып, оның көлемін кішірейтетіндер де кездеседі. Бірақ мұндай медициналық процедураларды жүргізу үшін адамның жалпы денсаулығы мықты болуы шарт. Әсіресе, асқазан-ішек, бауыр мен өт жолдары ауруларынан таза болу маңызды. Кейбір қыз-келіншектер жүрек-қан тамырлары жүйесі, эндокриндік жүйе, ас қорыту мүшелері, қант диабеті сияқты аурулардың алдын алу үшін артық салмақтан арыламын деп түрлі тәсілдерге жүгінеді. Алайда олар, ең алдымен, дәрігерден кеңес алып, толық тексерістен өту қажеттігін ескере бермейді. Жалпы алғанда, көпшілік тамақтану және су ішу мәдениетін толық меңгере қойған жоқ. Мәселен, кейбір адамдар тойларда түн ортасында қайнаған су сұрап, ішіп жатады. Шындығында, ол – өлі су, яғни ұзақ уақыт қайнап тұрған немесе қайта-қайта ысытылған су, оның ағзаға пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда тағамдардың өзі де тез дайындалатын, құнарсыз өнімдерге айналып барады. Майға қуырылған картоп, дайын тауық еттері – бәрі де жиі тұтынылатын тағамдар қатарында. Өкінішке қарай, мұндай тағамдарды жас пен кәрі бірдей тұтына бастады. Бұл өз кезегінде асқазан-ішек жолдарының қызметін бұзып, түрлі ауруларға жол ашады. Сондай-ақ жастардың жаппай дәмханалардан тамақтануын да қолдай бермеймін. Үйде дайындалған, үш мезгіл ыстық тағам ішкен әлдеқайда пайдалы. Әсіресе, бір мезгілде сорпа ішу – денсаулыққа өте маңызды. Көбінесе, семіздік үнемі артық тамақ ішкеннен болады. Бұл жерде қабылдайтын тағамның мөлшері мен құнарлылығынан гөрі, адамның атқаратын жұмысына байланысты (ой еңбегі не дене еңбегі) тағамды ағзаның қалай сіңіретіні үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ семіздікке дұрыс тамақтанбау, тәуліктік рационда сіңімді көмірсулар, қант, кондитерлік, тәтті тағамдар мен мал майларының (сары май, майлы ет) мөлшерден тыс көп болуы және ағзаның тұқым қуалаушылық, яғни дене бітімдік ерекшелігі де белгілі бір дәрежеде себеп болады. Жалпы алғанда, семіздікке шалдықпау үшін адам жиі қозғалып, денесін шынықтырып, суды және тамақты уақытында ішіп, салауатты өмір салтын ұстануы қажет.
Бұл – тек дене пішінін сақтау үшін емес, жалпы денсаулықтың кепілі.
Түйін
Қоғамда адамдардың семіздікке ұшырауы шынымен алаңдатарлық мәселе болып отыр. Егер бұлай жалғаса берсе, АҚШ-тағыдай әскерге баратын сарбаздар саны азаяды. Артық салмақтың кесірінен түрлі аурулар көбейеді. Дені сау ұрпақтың бағасы болашақ үшін аса маңызды. Демек, әрбір адам «Денсаулық – зор байлық» екенін түсінсе дейміз.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»