15.10.2025, 10:00
Оқылды: 94

Қаражат толық игерілуі тиіс

Оралда коммуналдық қызмет көрсететін «Батыс су арнасы» ЖШС күні бүгін 273 275 230 теңгеге 12 жобаны жүзеге асырған. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің осы кәсіпорынға тиесілі нысандарға ұйымдастырған баспасөз турында айтылды. Онда инвестициялық бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар таныстырылды.

WhatsApp Image 2025-10-10 at 10.23.51

Аталған серіктестік 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекіткен. Оның қаржыландыру көзі – кәсіпорынның меншікті қаражаты – амортизациялық аударымдар. Ал 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама қаражаты – 358 664 350 теңге. Соның ішінде сумен жабдықтау нысандарына бөлінген 190 874 040 теңге түгел жұмсалып, бес жоба атқарылған. Ал су бұру саласына арналған 167 790 320 теңге бөлініп, оның 82 401 теңгесіне жеті жоба (49%) жүзеге асқан. Жыл соңына дейін барлық қаражат игерілуі тиіс.

Баспасөз туры шаһардан бес шақырымдай қашықта орналасқан кәріз суын тазартатын стансадан басталды. Нысанның басшысы Нұртас Ахимов кәріз суын тазартатын құрылғыны көрсетті. 1987 жылы пайдалануға берілген құрылғы биыл күрделі жөндеуден өткен. Оның жобалық өнімділігі – тәулігіне 50,0 мың текше метр. Нысанға қаладан тәулігіне 15 мың текше метр кәріз  суы келеді. Сондай-ақ мұнда екі су жинағыш бар. Бірінің көлемі – 16 млн текше метр болса, екіншісінікі – 43,6 млн текше метр. Құм, тас секілді небір қоқыстан тазартылған су арнайы арналарға ағызылады. Бұл суды шаруа қожалықтары мал өсіруге пайдаланады.

Бұдан соң кәсіпорынның сумен жабдықтау және су бұру нысандарындағы жұмыстар көрсетілді. «Батыс су арнасы» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің сектор меңгерушісі Алмат Сүлейменовтың айтуынша, Оралдағы 18 А кәріз-сорғы стансасына инвестбағдарлама аясында 34 млн теңгеге сорғы сатып алынып, орнатылған. Енді тағы үш сорғы алынады. Сонымен қатар бұл нысанды қайта құру жұмысы жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 1 млрд 226 млн теңге жұмсалмақ. «Школьник» және «Орал» дүкені» шағынаудандарында тұратындарды ауыз сумен қамтитын, ұзындығы 545 метр су құбыры ауыстырылған. Бұл жұмысқа кәсіп-орынның 60 млн теңгесі жұмсалған. Бүгінде «Батыс су арнасы» ЖШС-ға тиесілі ұзындығы 483,5 шақырым су құбыры желілерінің 60,5%-ы,
ал ұзындығы  377,4 шақырым кәріз желілерінің 61,3%-ы тозған. Айта кету керек, инвестициялық бағдарлама –табиғи монополия субъектісінің қолда бар активтерін кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, күтіп-ұстауға және жаңа активтер үшін қаражат салу және қайтару жөніндегі іс-шаралар жоспары. Яғни кәсіпорын көрсететін қызметтің  техникалық-экономикалық және экологиялық тұрғыда тиімділігін арттыруды көздейді.

– Баспасөз туры департаменттің медиа жоспарына сәйкес тариф аясында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шарада «Батыс су арнасы» ЖШС-ның сумен жабдықтау және кәріз нысандары қамтылды. Жалпы кәсіпорын инвестбағдарламадағы барлық қаражатты игеруі тиіс. Бұл қарапайым халықтан, яғни тұтынушылардан, бюджеттік ұйымдардан түсетін қаражатқа жасалатын жұмыс болғандықтан, нәтижесі сұралады. Уәкілетті құрылым іс-шараның есеп-қисабын қарайды. Егер қаражаттың толық игерілмегені анықталса, тұтынушылар үшін уақытша өтемдік тариф бекітіледі, – деді департамент басшысы Гүлжаз Қазбекова.

инфогр

Уақытша өтемдік тариф дегеніміз – уәкілетті құрылым тұтынушыларға қаражатты қайтару мақсатында белгілі бір мерзімге бекітетін тариф. Яғни бекітілген тариф орындалмай қалса, уәкілетті орган сол жылдың есебін қарау арқылы уақытша өтемдік тариф енгізеді.

 

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале