14.10.2025, 17:30
Оқылды: 105

Көгілдір отын – тұрмыс сапасының кепілі

Казталов ауданы тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруда көгілдір отынның орны ерекше. Табиғи газ бүгінде әр шаңырақтың жылуын сақтап, тіршіліктің тірегіне айналып отыр. Бұл ретте ауданның стратегиялық маңызы жоғары салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі зор екенін атап өткен жөн.

IMG_1290

Қазіргі таңда Казталов ауданына қарасты елді мекендердің 100 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Бұл – аудан халқының өмір сапасын арттырудағы үлкен жетістік әрі өңірдің инфрақұрылымдық дамуының айқын көрсеткіші.

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асқан игі істердің бірі – «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар. Осы бағдарлама аясында Казталов ауданындағы аудандық газ шаруашылығының әкімшілік ғимараты мен гаражына күрделі жөндеу жүргізілді.

IMG_1323

Жөндеу жұмыстарын жоғары сапамен жүзеге асырған мердігер – «DIZAIN-D.A» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Заманауи талаптарға сай жаңартылған ғимарат бүгінде өңір мамандарының жайлы еңбек етуіне толық мүмкіндік беріп отыр.

Жаңарған нысанның ашылу салтанатына «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Берік Омаров, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Айдар Менеев және саланың ардагерлері қатысты. Салтанатты жиында сөз алған қонақтар шара қатысушыларын қуанышымен құттықтап, ауданның әлеуметтік-инженерлік әлеуетін нығайтудағы еңбектің маңызын атап өтті.

IMG_1305

Газ саласының ардагерлері Марат Өзенбаев пен Меңдібай Ілиясов күрделі жөндеуден кейін ғимараттың техникалық жағдайы жақсарып, пайдалану мерзімі ұзарғанын және бұл қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға жол ашқанын тілге тиек етті.

Жиын соңында жаңарған нысанның тұсаукесері өткізіліп, қонақтар ғимарат ішін аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған кеңсе мен тұрмыстық бөлмелер, душ пен санитарлық аймақ қызметкерлерге қолайлы жағдай туғызғаны байқалды.

IMG_1312

Аудандық газ шаруашылығы бүгінде халыққа сапалы қызмет көрсетуді басты міндет етіп отыр. Ал жаңа бейнедегі ғимарат – осы еңбектің лайықты жалғасы мен қызметкерлер еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале