ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, Қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова, аталған комитет мүшелері Татьяна Яковлева, Аманжан Жамалов бүгін Зеленов ауданына жұмыс сапарымен келді.
Шарада БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Аязбаев, «Нұр Отан» партиясының БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен болды.
Алдымен аудан орталығындағы «Достық» үйіне бас сұққан меймандар этно-мәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Басқосу барысында аудан әкімі Кәрім Жақыпов ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын айтып өтті.
Өркениетті ел ішінде жүзеге асқан жұмыстар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және аудан ішінде өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін өз көздерімен көруді мақсат тұтқан халық қалаулылары одан әрі аудан активімен емен-жарқын жүздесті. Олар «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын толықтырып отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы хақында баяндап берді. Жүздесу барысында тұрғындар өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойды.
Айшабибі МӘМЕТ
Зеленов ауданы
www.zhaikpress.kz