Батыс Қазақстан облысында күштік құрылымдар қызметкерлері арасында облыстық турнир өтіп жатыр. Бұл жарыс «Азаматтық қорғау органдарының 30 жылдығына» және «Құтқарушылар күні» кәсіби мерекесіне арналады. Шараны БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің «BATYR TEAM ORAL» спорт клубы ұйымдастырып отыр.

Турнирдің басты мақсаты – еліміздің қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің ерлігі мен рухын дәріптеу.
Сайысқа өңірдің күштік құрылымдарының сегіз командасы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Жаншин Жанболат Жасқайратұлы сөз сөйлеп, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтады.
Ол өз сөзінде азаматтық қорғау қызметінің қоғамдағы рөліне тоқталып, құтқарушылардың батыл еңбегі мен жауапкершілігі ел тыныштығының кепілі екенін атап өтті.

Айта кетейік, 1995 жылдың 19 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған болатын. Содан бері бұл күн жыл сайын «Құтқарушылар күні» ретінде аталып өтеді.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің төтенше жағдайлар қызметі мыңдаған адамды ажал аузынан аман алып қалып, үлкен беделге ие болды. Құтқарушылардың басты міндеті – адам өмірін қорғау, апаттың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген мамандардың еңбегін дәріптеген бүгінгі турнир қатысушылардың достығы мен бірлігін нығайтып, спорт арқылы күштік құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттырады.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz
Фотолар автордікі
