Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде күй өнерінің аса көрнекті тұлғалары Науша Бөкейхановтың 155 және Махамбет Бөкейхановтың 135 жылдығына арналған облыстық «Қос ішек» домбырашылар байқауы өтті.
Сахнаға домбыраны серік еткен байқау үміткерлері шақырылды. Олар: Назымбек Сатпанов (филармония, Орал қаласы), Қайрат Байғұтты (Қаратөбе ауданы), Аманжол Ерасыл (Құрманғазы атындағы саз колледжі, Орал қаласы), Рамазан Бекзат (филармония, Орал қаласы), Мұхамедияр Таңатаров (Жаңақала ауданы), Егінғали Қыдырнияз (Қаратөбе ауданы), Өмірәлі Назар (Құрманғазы атындағы саз колледжі, Орал қаласы), Темірлан Сырәлиев (Жаңақала ауданы), Наргиза Касумова (Жәнібек ауданы).
Құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовке берілді.
- Бүгін ауданымызда күй өнерінің аса көрнекті өкілі, дарынды күйші-композитор Науша Бөкейханов пен Махамбет Бөкейхановтың құрметіне арналған «Қос ішек» атты дәстүрлі домбырашылар байқауының шымылдығын түргелі отырмыз. Баршаңызды осы өнер мерекесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Науша мен Махамбет Бөкейхановтардың қазақтың күй өнеріне ерекше өрнек қосқан терең мазмұнды, айрықша нақыштағы күйлері ұлт мәдениетіне өшпес із қалдырған тұлғалар екені тарихтан белгілі. Олардың шығармашылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, рухани мұра болып қалыптасып келеді. Бұл тек ұлт болмысының бір ғана көрінісі. «Қос ішек» байқауы ұлтымыздың төл өнерін дәріптеп, жас ұрпақты күй арқылы тәрбиелеу, дарынды домбырашыларды анықтап қолдау бағытындағы игі шара. Бұл байқау тек сайыс қана емес, өнер мен руханияттың, шеберлік пен шабыттың мерекесі. Сайысқа қатысушы барлық өнерпаздарға сәттілік тілеймін. Домбыраның қоңыр үні халқымыздың жүрегін тербетіп, елді бірлікке, өнерге, руханиятқа үндей берсін. Ұлы күйшілер Науша мен Махамбет Бөкейхановтардың рухтары бізбен бірге, мереке құтты болсын!», - деді ол.

Байқаудың әділ бағасын беретін қазылар алқасының құрамында Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқытушысы, «Мәдениет саласының үздігі», облыстық және республикалық байқаулардың лауреаты Ербол Ғұбайдуллин, облыстық халық шығармашылығы орталығының халық шығармашылығы бөлімінің жетекші маманы, «Мәдениет саласының үздігі» Батырхан Қайыров және Жәнібек аудандық саз мектебінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі», әнші-сазгер Жақсылық Бисенғалиев болды.Сөз қазылар алқасының төрағасы Ербол Аманжолұлына берілді.
-Біздің күй өнеріндегі Дәулеткерей бабамыздың күйлерін насихаттап, оның көптеген күйлерін жеткізген Науша мен Махамбет Бөкейхановтар атындағы облыстық домбырашылар байқауын күйлерімізді насихаттау деп түсінеміз. Осы байқауды ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне, мәдениет бөлімінің басшыларына алғысымды айтамын. Байқауға қатысушыларға біздің күй өнерімізді бағалап, өз өнерлерін көрсетейін деп жатқандарына сәттілік тілеймін. Домбыра - қазақпен бірге жүретін аспабымыз. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан күй өнерін әрі қарай дәріптеп, келешек ұрпаққа жеткізуге атсалысып жатқан бұл шараның маңызы өте зор. Сондықтан залда отырған күйсүйер қауым домбырашыларға көрсетіп жатқан ықыластарыңыз үшін көп рахмет! – деді ол өз сөзінде.

Әрі қарай байқауға қатысушылар жеребе суырып, өз кезектерін анықтағаннан кейін сайыс басталып кетті. Бірінші кезеңде тоғыз қатысушыға екі күйді міндетті түрде және бір күйді өзінің қалауы бойынша орындауға мүмкіндік берілсе, екінші кезеңде қазылар алқасы төрағасының айтуымен екі күй орындалды. Байқау барысында «Байжұма», «Қос ішек», «Аңшылық», «Салық өлген», «Қосағалы» күйлері домбыра шанағынан күмбірлей төгіліп, күйге сусаған көрермендердің құлақ құрышын қандырды. «Домбыра мұнша шешен болдың неге, Күй толған көкірегің шежіре ме? Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе» деп Қасым Аманжолов жырлағандай, қатысушылар екі шекті көп пернелі музыкалық аспаптың қоңыр үнімен көпті тамсандыра білді. Бұл байқаудың күй өнерін жандандыруда алар орны ерекше болды. Ұлы даламызды сөзбен емес, сазбен тербеген домбыра мәңгі жасап, мәңгі жаңғыра бермек.Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Егінғали Қыдырнияз бен Мұхамедияр Таңатаров байқаудың дипломанты атанса, Аманжол Ерасыл, Өмірәлі Назар, Назымбек Сатпанов үшінші, Темірлан Сыралиев пен Қайрат Байғұтты екінші, Рамазан Бекзат бірінші орынға ие болды. Ал жерлесіміз Наргиза Касумова бас жүлдені қанжығасына байлады. Оларға алған орындарына қарай диплом мен тиісінше 150, 200, 250 және 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Асқар Орынғалиұлы
Жәнібек ауданы