Батыс Қазақстан облысында 30 қыркүйектен бастап маусымдық тұмауға қарсы егу науқаны басталды. Эпидемиологиялық және зертханалық мәліметтерді ескере отырып, эпидемиялық маусымға Ресей Федерациясында өндірілген тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасымен екпе жасалуда.

Фото: iStock
Вакцинация барлық емханаларда, сондай-ақ қалалық және аудандық ауруханаларда тегін түрде жүргізілуде.
Жалпы облысқа 60 мың доза вакцина жеткізілді. Егудің басты мақсаты – халықты тұмаудың асқынуынан қорғау, аурудың таралуын азайту.
Науқан басталғаннан бері өңірде 48611 адам, яғни 81,03%-ы екпе алды.
Екпе салу осы айдың соңына дейін жалғасады. Бұл — бүгінгі күнге берілген ресми ақпарат.
Тәуекел тобына жататын адамдар, ең алдымен, медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде есепте тұрған балалар, жиі ауыратын балалар, балалар үйінің, қарттар үйінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулары бар ересектер, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен қызметкерлері вакцинациялануға жатады.
Дәрігерлер екпе алу арқылы тұмаудың ауыр түрлерінен, асқынуларынан (пневмония, бронхит, отит т.б.) сақтануға болатынын ескертеді. Вакцина салдыру – әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі.
Кенжегул Мухитова
Батыс Қазақстан облысы
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
департаментінің баспасөз маманы