Демократиялық қоғам үшін сайлаудың, дауыс беру құқығының маңызы зор. Сайлауға қатысуды азаматтық борыш деп те атап жатамыз. Ал осы борышты орындауға ертеңгі буынды мектеп қабырғасынан-ақ тәрбиелей бастаса, құба-құп. Қазіргі таңда Ақжайық ауданында 44 мектеп жұмыс істейді. Солардың 34-і – негізгі білім беретін мектептер. Міне, осы білім ордаларында осы жылдың 14 қазанынан бастап мектеп парламенті сайлаулары бастау алды.

Яғни ұл-қыздар өзін-өзі басқару жүйесін құрып, мектепішілік мәселелерді шешетін, өздерінің құқығын қорғайтын көшбасшыларды таңдауда. Бұл өз кезегінде болашақ сайлаушы ретінде осы науқан арқылы өз дауыстарының маңызға ие екенін жеткіншек шағынан түсінеді деген сөз.

Әрине, әр мектепте сайлауалды насихат және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері мектептерге арнайы барып, оқушылармен кездесуде.
Ал бүгін бірқатар мектептерде парламент сайлауы өтті. Оның ашылу салтанатына аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері арнайы қатысып, оқушыларды құттықтап, белсенді азаматтық ұстаным мен жауапкершілік танытудың маңыздылығын атап өтті. Олар мектептердегі сайлаудың өту барысын бақылады.
Сайлаудың қалай өтетінін, оның маңызын түсінген оқушылар әлбетте,өз мектебінің өміріне үлес қосып, болашақ көшбасшылыққа алғашқы қадам жасауда.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы