2025 жылғы 13-17 қазан аралығында Батыс Қазақстан облысы аумағында шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған «Заңсыз келуші – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, елімізде жүрген шетел азаматтарының қозғалысын бақылау және заңсыз жүрген тұлғаларды анықтау болып табылады. Шара аясында учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскелерде аулаларды, пәтерлерді, жеке тұрғын үй секторларын, саяжайлар мен қыстақтарды және жеке қожалықтарды аралап, шетелдіктердің ықтимал тұратын орындарын тексерді.

Сонымен қатар, шекара маңындағы елді мекендерде шекаралық-паспорттық режимнің сақталуына ерекше назар аударылды. Нәтижелер бойынша жалпы 308 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды, соның ішінде: ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша – 172 дерек (шетелдік азаматтардың көші-қон заңнамасын бұзуы); 518-бап бойынша – 98 дерек (шетелдіктерді қабылдайтын тұлғалардың заңбұзушылықтары); 519-бап бойынша – 38 дерек (шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту). Сот шешімімен 47 шетелдік азаматты елден шығару туралы қаулы шығарылды.

Оның ішінде: ҚР ӘҚБтК негізінде – 45 адам; Азаматтық процестік кодекс негізінде – 2 адам. Қосымша нәтижелер: Іздеуде жүрген 10 қылмыскер ұсталды; 20 шетелдік азамат ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды; 72 шетелдік азаматтың елімізде болу мерзімі қысқартылды. Бұл жедел-профилактикалық іс-шара еліміздегі көші-қон процестерін құқықтық тұрғыдан реттеуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған тиімді қадам болды.