23.10.2025, 11:30
Оқылды: 282

Руханияттың шамшырақтары

24 қазан – Кітапханашылар күні

 

Таяуда Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында Кітапханашылар күніне арналған «Кітапханашы – рухани байлықтың сарқылмас шамшырағы» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Руханият пен мәдениеттің алтын діңгегі саналатын кітапхана саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтті.

 DSC04588 (1)

Фойеде ұйымдастырылған «Рухани орда – жаңару мен жазудың бастауы» атты кітап көрмесі мен «Кітапхана – шабыт мекені» фотостенді мерекенің мәнін айшықтады. Іс-шараға мұрындық болған – Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхана.

Кеш барысында «Батыс Қазақстан облысының ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы туралы бейнеролик көрсетіліп, аймақ кітапханаларының жаңа келбеті таныстырылды. Айта кету керек, биыл өңірімізде кітапхана саласында үлкен жаңғыру үдерісі жүріп, ауыл кітапханаларын жаңғырту жобасы сәтті жүзеге асты. «Тана» қоғамдық қорының идеясы негізінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауы мен жергілікті әкімдіктердің бастамаларының арқасында облысымыздың 12 ауданында 25 ауылдық кітапхана жаңартылып, қазіргі таңда жаңа кейіпке енген заманауи кітапханалар ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев кітапханашылардың қоғамдағы орны туралы ой түйіндеп, мереке иелерін құттықтады:

– Құрметті кітапханашылар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Кітапханаларды модернизациялауға қатысты еліміздегі бірегей жобаны бірінші болып жүзеге асыру біз үшін үлкен мақтаныш. Бүгінде өңірімізде 357 кітапхана жұмыс істесе, соның 328-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. 789 кітапханашы қоғамды ізгілендіру мақсатында қызмет атқаруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханаларда сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Заманауи кітапханалар салып, оларды жаңғыртып, жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік жасау қажет. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Кітапхана қазіргі заманда қолжетімді болуы тиіс. Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз қажет» деген болатын. Осы бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Биыл облысымыздағы кітап қоры 6 млн данаға жуықтады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 41 мыңға артық. Жыл сайын кітап оқуға қызығушылық танытатын оқырмандар саны да артып келеді. Бұл – көңіл қуантарлық жайт. Сонымен қатар облыс кітапханалары қазақстандық ұлттық электронды кітапхананы толықтыруға белсенді атсалысуда. Бүгінгі күні жергілікті ақын-жазушылардың 7 мыңға жуық кітабы цифрлық сипатқа көшіріліп, ұлттық қорға енгізілді, – деді ол. Сондай-ақ салтанатты шарада кітапхана саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен үлгі болған мамандар еңбегі еленіп, марапаттар табысталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукина,  Казталов ауданының Қараоба ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Лаура Бердіғалиева, Бәйтерек аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Ғабдулиева және Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылдық модельді балалар кітапханасының меңгерушісі Лилия Саманюк иеленді. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жарқынай Жетімекова, Ақжайық ауданының Бударин ауылдық кітапханасының меңгерушісі Әсима Күлетова, Бәйтерек ау-
данындағы Переметный аудандық кітапханасының кітапханашысы Ақзира Бекмағамбетова, Тасқала ауданына қарасты Шежін ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы Зәуреш Нұрмұханова марапатталды. Министрліктің алғысхаты Бөкей ордасы ауданының Қарасу ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлден Түменоваға табысталды.

«Қазақстандық кітапханалық одақ» заңды тұлғалар бірлестігінің «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісіне Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Айгүл Қуатова, аталмыш кітапхананың кітапханашысы Дина Сәрсенғалиева, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашылары Лена Ислямғалиева мен Сәуле Құсайынова, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың бөлім басшылары Айжан Дәулетқалиева мен Гүлбану Қажығалиева және Орал қалалық кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Гүлнар Өтегенова мен қалалық кітапханалар жүйесінің №8 филиалының кітапханашысы Жанар Адаялиева лайық деп танылды. Бұдан бөлек, бірқатар сала мамандары Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғысхатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімі ән мен әуезге толы мерекелік концертке ұласты. Көрермендерге өңір кітапханаларының озық тәжірибесі мен заманауи бастамалары туралы мазмұнды деректер ұсынылды.

Гүлнар Өтегенова, «Қазақстандық кітапханалық одақ» заңды тұлғалар бірлестігінің «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері:

– Осы қалалық кітапханалар жүйесінде шығармашылық бағыттағы жұмыстарға жетекшілік етемін. Бұл саладағы еңбек өтілім – жиырма жыл. Кітапханашы болып бастаған қызмет
жолымда түрлі кезеңнен өтіп, талай тәжірибе жинадым. Кітапхана мен үшін ізденіс пен жаңашылдыққа толы әлем. Бүгін еңбегіміз еленіп, бір марқайып жатырмыз. Бұл – тек менің емес, барша әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі.

Гүлнұр Алғазы, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» және «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерінің иегері:

– Кітапхана саласында қызмет етіп жүргеніме он жеті жыл. Қазіргі таңда қалалық кітапханалар жүйесінің өнер және жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісімін. Мен үшін кітапханашы – ұлттық руханияттың жанашыры, білім мен мәдениеттің мәңгілік шырақшысы. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, өз ісімізге сүйіспеншілікпен қызмет етеміз. Барша әріптестерімді осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

 

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале