Семей төрінде өткен бокстан ересектер арасындағы биылғы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Еліміздің әр өңірінен келген таңдаулы былғары қолғап шеберлері жиналған дүбірлі дода тартысты бәсекеге толы болды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл біріншілік тек мықтылардың мерейін үстем етіп, шын шеберлерді саралады.

Аталған біріншілікте 50 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілген жерлесіміз Даниял Сәбит біздің облыстың намысын абыройлы қорғады. Бүкіл жарыс бойына қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шыққан Даниял Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Бұл – оның спорттағы табандылығы мен шеберлігінің айқын көрінісі.
Сондай-ақ дәл осы салмақта өнер көрсеткен Нұрсұлтан Нұриденов ел біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Нұрсұлтан ¼ финалда тәжірибелі тарлан Теміртас Жүсіповтен басым түсті. Бұл жайт биылғы чемпионаттың сенсациясына балануда. Сонымен қатар әйелдер арасында 65 келіде жұдырықтасқан Ақнар Ишанова да қола жүлдеге қол жеткізді.
Жарыс қорытындысында облыс құрамасы бір алтын, екі қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға табан тіреді.
Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұлттық құрамаға қабылданып, Үндістанда өтетін әлем кубогінің шешуші кезеңіне дайындалмақ.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»