Батыс Қазақстан облысында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Осылайша, күн тәртібінде шеңберінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп талаптарының сақталуы мәселесі аясында облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаментінің басшыларының есептері тыңдалды. Есеп берушілер өз салаларындағы алдын алу шаралары туралы баяндады.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі өзінің қызметтік әдепті сақтау мониторингі мен бақылау жұмыстарының нәтижелері туралы есеп берді.
Сонымен қатар, Кеңеспен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне еңбек демалысын беру мен іссапар шығындарын төлеу тәртібінің сақталуы талданды. Бұл бағыттағы мониторинг қорытындысына сәйкес, Департаментпен талдау шеңберінде тиісті іссапар шығыстары негізсіз төленбей қалған 60 мемлекеттік қызметшіге іссапар шығындарын төлетуге бағытталған шаралар қабылдануда.
Соған қоса, мемлекеттік қызметке кір келтіру фактісі бойынша Ақжайық ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты тәртіптік іс материал қаралып, Кеңеспен тиісті тәртіптік жазаны қолдану туралы шешім қабылданды.
Кеңес барысында Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов: «Әдеп нормалары – мемлекеттік қызметтің басты тірегі. Мемлекеттік қызметші өзінің әр ісінде әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидатын ұстанғанда ғана халық сенімі артады», – деді.
Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Кеңес мүшелері ұсыныстарды орындау барысында қызметтік тәртіпті нығайту мен әдеп мәдениетін арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жиын соңында: «Тәртіпке бағынған – құл болмайды, тәртіпсіз ел – тұл болмайды» деген ұлағатты сөз айтылып, бұл ұстаным мемлекеттік қызметшілердің күнделікті қызметінде басшылыққа алынуы тиіс екені атап өтілді.
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Батыс Қазақстан
облысы бойынша департаменті