Тасқала ауданына қарасты Шежін ауылдық округінде ветеринариялық пункт халық игілігіне берілді.
Аталмыш нысанның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық ветеринария басқармасының орынбасары Нұрхайыр Құсайынов,аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық ветеринария станциясының басшысы Марина Шамшитова, сондай-ақ, сала ардагерлері мен мамандары арнайы қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы, шежіндіктерді жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, тілегін білдірді. -Қазіргі заманға сай жағдайлары бар осындай пункттердің ашылуы – өңірдегі мал шаруашылығы өнімділігін арттыру үшін маңызды қадам. Сондай-ақ халық үшін жануарлардан алынатын өнімдер қауіпсіздігінің кепілі. Бұл тек ветеринарлардың жұмыс жағдайын жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар тұрғындар мен мал өсірушілерге ветеринарлық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін де қажет. Бұл қызмет көрсету сапасын жақсартады, эпизоотиялық қауіпсіздікті арттырады және мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді, – деді ол өз сөзінде.

«Малым – жанымның садағасы» деген халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ежелден төрт-түлік малмен байланысты. Ауыл шаруашылығының өндірісі, соның ішінде мал шаруашылығы облыс экономикасының дамындағы басым үлеске ие. Ал мал шаруашылығының өндірісі ветеринария саласымен тікелей байланысты. Бүгінгі ашылғалы отырған ветеринариялық пункт-мемлекет басшысының ветеринария саласын жетілдіру тапсырмасының орындалу нәтижелерінің айқын дәлелі екені сөзсіз.
Гүлмира Мақанова,