Бәйтерек аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХVII сессиясы өтіп, күн тәртібінде он мәселе қаралды.

Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин атап өткендей, олар негізінен аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 25 желтоқсандағы 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы, Белес, Дариян, Достық, Көшім, Макаров, Переметный, Рубежин, Январцев ауылдық округтардың бюджеті туралы шешімдеріне өзгерістер енгізу жөнінде болды. Соған орай жиында негізгі баяндаманы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлжан Сейтмулдина жасады. Оның сөзіне қарағанда, «Заңды тұлғалардың мүліктік салығы» коды бойынша ағымдағы жылдың аудандық бюджеттің кіріс бөлігін жергілікті бюджет есебінен 413 396 мың теңгені нақтылау ұсынылады. Дәл осындай сомада бюджеттің шығыстары да нақтылауға жатады. Шығыстар негізінен Сұлукөлдегі ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге, Дариян ауылына және Щапов ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылына кірме жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізуге, Дарияндағы №2 аурухана ғимаратының бір бөлігін және Махамбет ауылдық округіне өрт сөндіру депосын сатып алуға, Көшім ауылдық округіндегі «Урожай» шаруа қожылығына бұршақ жауынынан келген шығынды өтеуге, Январцев ауылына су құбырын тарту, Белес, Көшім, Щапов, Январцев ауылдарындағы электр желісін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бағытталмақшы.

Сессия соңында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Тоқсамбаев ауылдық округ әкімдерінің сұрақтарына жауап беріп, қысқа дайындық мәселелерін пысықтады.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы