Жәнібек ауданы әкімінің II жартыжылдықтағы есептік кездесуі жоспары аясында аудан әкімі Тимур Шиниязов Тау және Қамысты ауылдарының тұрғындарымен есептік кездесуін жеке қабылдау түрінде өткізді.

Қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев, полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерназар Опиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Хамзин, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Ғазезов, аудандық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлова, аудандық ветеринариялық станцияның директоры Мирболат Теміров және мансап орталығының директоры Зухра Давлетчина қатысты.

Тау ауылдық округінде өткен кездесуде тұрғындардың басым бөлігі ауылдың тұрмыс-тіршілігі мен инфрақұрылымына қатысты ортақ мәселелерді көтерді. Әсіресе, жастар үшін жаңа спорттық нысандардың қажеттілігі айтылды. Осы орайда, ауылдағы шаруа қожалықтары мен ауыл азаматтарының қолдауымен фитнес залы ашылғаны қуантты. Аудан әкімі Тимур Шиниязов ауыл азаматтарының осындай бастамасына оң бағасын берді.

Сонымен қатар мәдениет саласында да игі істер атқарылуда ауылдық мәдениет үйінде дыбыс жазу бөлмесі ұйымдастырылып, оны мәдени ұйымдастырушы Жандос Темірғалиев өз қаражатына жасап, қажетті құрал-жабдықтарын толықтай өзі сатып алған. Аудан әкімі бұл игі істі ауыл мәдениетін дамыту жолындағы үлгілі қадам деп атап өтті.

Қамысты ауылдық округінде өткен кездесуде тұрғындар негізінен жұмыс орны мен баспана мәселесін көтерді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, заң аясында шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Кездесуден соң аудан әкімі Қамысты ауылында салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен, жөндеуден өткен әкімшілік ғимараты мен «Балбұлақ» бөбекжайымен танысты. Аталған бөбекжайдың жобалық сыйымдылығы 30 орын болса да, бала санының артуына байланысты ауыл әкімдігінің бос тұрған 154 шаршы метрлік бөлмелері жөнделіп, қосымша 15 балаға арналған топ ашылуда. Құжаттары дайын болған соң ашылу салтанаты өтпек.

Жәнібек ауданында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Бұл бағыт халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және жас мамандарды тартуға мүмкіндік беруде. Өткен жылы 32 пәтер пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін тағы 39 пәтер ел игілігіне тапсырылмақ. Қазіргі таңда Қамысты ауылында бой көтеріп жатқан тұрғын үй нысаны пайдалануға берілген соң бірнеше отбасы баспаналы болмақ.

Екі ауылдың тұрғындары аудан және ауыл әкімдерінің ел игілігі жолындағы еңбектеріне ризашылықтарын білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстардың ауыл өміріне айтарлықтай серпін беріп келе жатқанын атап өтті.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы
