29.10.2025, 16:15
Оқылды: 301

Партия қуаты – белсенді азаматтар

Өткен аптада «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Республика күні мерекесіне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті.  Мемлекеттік мерекеге арналған іс-шараға партия белсенділері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

DSC05648

Салтанатты жиында облыстық филиал төрағасы Мұрат Мұқаев сөз алып, ел тәуелсіздігін, бірлігін және бейбіт өмірін дәріптейтін мерекемен қатысушыларды құттықтады.

– «AMANAT» партиясы – ел дамуы мен тұрақтылықтың тірегі. Біздің басты мақсатымыз – қоғамдағы бірлік пен әлеуметтік әділдікті нығайту. Өздеріңіз партияның көптеген жобасына қатысып, басы-қасында жүрсіздер. Оның ішінде, «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары көш бастап тұр. Бүгінгі марапаттар – ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектің жемісі, – деді Мұрат Рахметұлы өз сөзінде.

Мереке қарсаңында «AMANAT» партиясы қатарын толықтырған жаңа мүшелерге партия билеттері табысталды. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин, кәсіпкерлер Бақтыгүл Базаралиева, Ләззат Шағатай бар.  Партияның жаңа мүшелерін қатысушылар ыстық ықыласпен құттықтап, ортақ естелік суретке  түсті.

Жиын барысында қоғам өміріне белсене араласып жүрген азаматтарға партияның ең жоғары марапаттарының бірі – «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі табысталды. Аталған марапатқа облыстық мәслихаттың депутаттары Анвар Агаев, Самат Хасанов, Мұратбек Мұхамедиев, Азима Ғұбашева, сондай-ақ аудан және ауыл деңгейінде ел мүддесіне еңбек етіп жүрген Әділет Мұсағалиев, Бекболат Шканов, Арман Сағидоллин және облыс жастарының көшбасшысы Архат Исламғали ие болды.

Марапат иелеріне төсбелгілерді облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев табыс етті.

– Ұлттық мереке қарсаңында белсенді партияластарымызды марапаттап, олардың еңбегіне құрмет көрсетіп отырмыз. Өйткені партияның ең басты күші – бастауыш партия ұйымдары. Сол ұйымдардың арқасында шалғай елді мекендер мен ауыл-аймақтардағы әрбір мүшеміз ортақ іске өз үлесін қосып келеді. Бүгінде «AMANAT» партиясы ел өмірінің барлық саласын қамтитын 13 жобаны жүзеге асыруда. Оның ішінде «Кедергісіз келешек», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» сияқты бастамалар халық арасында кеңінен қолдау тапты. Партияның шынайы қуаты – елге адал қызмет етіп, Отан тағдырына бейжай қарамайтын осындай белсенді азаматтарында. Бірлігіміз бекем, еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.

Партияның «МұғалімTalks» жобасына белсенді қатысып жүрген ұстаздар да назардан тыс қалмады. №37 жалпы орта мектептің директоры Алтын Жұмағалиева партияның төсбелгісімен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры Алтынгүл Қайырлиева, №11 мектеп-лицейдің ұстазы Ақмарал Қазиханова, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқу процесін жоспарлау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Салауат Қажиахметов те қос марапатқа ие  болды.

Салтанатты рәсімнің келесі бөлімінде «AMANAT» партиясының Құрмет грамотасы мен алғысхаттары табысталды.

DSC05626

– Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде құрылған «Зияткер» бастауыш партия ұйымы 2007 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Ұйым құрамында тәжірибелі ұстаздар мен қоғам өміріне бейжай қарамайтын белсенді студенттер бар. Оқу орны болғандықтан, біз студенттердің экономика, құқық және қаржы салаларындағы білімін арттыруға ерекше мән береміз. Мен 2004 жылдан бері осы университетте қызмет етіп келемін.  Сол уақыттан бері партия қатары жаңа мүшелермен үздіксіз толығуда. Біз «AMANAT» партиясының барлық жобасына қолдау көрсетіп, жастарды ел дамуына үлес қосуға үндеп келеміз, – дейді «Зияткер» партия ұйымының төрағасы Аида Маратова.

Жиын соңында барша марапат иелері ортақ естелік суретке түсіп, Республика күнімен құттықтауларын білдірді.

Жанерке Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале