29.10.2025, 16:30
Оқылды: 158

Бакуге барғандар бабында

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Әзербайжанның Баку қаласында өткен III ТМД елдерінің ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларды марапаттады.

DSC05267

– Елімізде спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалуда. Облыстағы аудан-ауылдарда спорт нысандары салынуда. Бәйтерек ауданының Достық ауылында «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектеп ашылды. Онда 300 бала бокспен, 100-ден астам шәкірт футболмен шұғылданады. Біз сіздермен мақтанамыз. Тек облысты емес, байтақ елімізді әлемге танытып жүрсіздер. Жеңісті күндеріңіз көп болсын, – деп ризашылығын білдірген өңір басшысы спортшыларға алғысхаттар табыстады.

ТМД елдерінің ойындарына облыстан тоғыз спортшы қатысқан. Олар екі алтын, екі күміс және үш қола жеңіп алды. Сол додада республика қоржынына түскен 10 алтынның екеуін батысқазақстандық спортшылар  салып отыр.

Анастасия Солодовникова садақ атудан олимпиадалық айналымда 1-орын, ал командалық микс жаттығуында 2-орын алды. Дархан Тимралиев 60 келі салмақ дәрежесінде каратэ WKF-тен (50 кг) 1-орын алып, жеңімпаз болды. Натали Касикова каратэ WKF-тен әйелдер арасында КАТА бағдарламасында 2-орыннан көрінді. Ал самбодан 98 келі салмақта белдескен Мұхаммед Серік 3-орын еншіледі. Бадминтоннан ерлер арасында Мәлікжан Мұстафа мен Арнұр Тапишев жұбы 3-орын иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлерге 200 000, 300 000 және 500 000 теңге көлемінде сертификаттар табысталды.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале