29.10.2025, 18:00
Оқылды: 179

Тергеудің сапасы сын көтермейді...

Жуырда облыс прокуратурасында өңір  басшысы  Нариман  Төреғалиевтің  төрағалығымен  және  Батыс  Қазақстан  облысының  прокуроры  Нұрбек  Ұласбекұлының  қатысуымен  аймақтың  заңдылықты,  құқықтық  тәртіпті және  қылмысқа  қарсы  күресті  қамтамасыз  ету  жөніндегі  үйлестіру  кеңесінің отырысы  өтті.

DSC04800

Жиында өңірдегі  қылмыстардың тергелу сапасы және жазатайым оқиғаларды азайтуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеу мәселелері қаралды. Кеңесте алдымен облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың  (суретте) есебі тыңдалды.

Қылмыс  көп,  тергеу  сапасы  сын  көтермейді

Өз баяндамасында прокурор орынбасары өңірде орын алған жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың жай-күйі мен олардың тергелу барысына кеңінен тоқталды.

– Құқықбұзушылықтардың тергелу барысындағы проблемалар мен себептерге талдау жүргізілді. Нәтиже көрсеткендей, уақтылы профилактика жүргізілген жағдайда көптеген қылмыстың алдын алуға болар еді, – деді ол.

Қазіргі таңда полиция құрылымдарында жеке тұлғаларға қатысты 160-тан астам іс тергелуде. Бұл барлық сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің 19 пайызы (879 іс).

Азамат Құстановтың айтуынша, тергеу тәжірибесі қалыптасқанымен, мерзімдердің бұзылуы, тергеу әрекеттерінің толық жүргізілмеуі, алдын алу шараларының қабылданбауы секілді жүйелі заңбұзушылықтар әлі де кездеседі.

Мысал ретінде ол «The Bar» түнгі клубында болған төбелес дерегін келтірді. Бейнежазбалар мен куәгерлердің айғақтары бола тұра, бұл іс алты ай бойы тергелген.

– Өкінішке қарай, мұндай мысалдар аз емес, – деді прокурор орынбасары.

Тұрмыстық   және мас  күйінде   жасалған   қылмыстар   артып  отыр

Биыл тоғыз айда облыс аумағында жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың жалпы көлемі 28,6%-ға өскен. (458-ден 589 жағдайға дейін). Мас күйінде жасалған қылмыстардың үлесі 21,9%-ға жетіп, өткен жылғы 15,7 пайызбен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Ал олардың 19,1%-ы отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқықбұзушылықтар. Қасақана ауыр дене жарақатын салу фактілері де 22,2 пайызға көбейген (34-тен 44 жағдайға дейін).

– Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Алайда, өңірде керісіше, кәмелетке толмағандардың қатысуымен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың, соның ішінде жыныстық қолсұғушылыққа  қарсы әрекеттердің өсуі байқалады. Мәселен, жуырда Теректі ауданында 9 және 11-сынып оқушылары мектеп ішінде пышақтасқан жағдай тіркелді. Биылғы тоғыз айда 38 жыныстық сипаттағы қылмыс жасалған. Бұл жеке тұлғаға қарсы барлық қылмыстардың 6,5 пайызына тең. Республика бойынша біз, өкінішке қарай, алдыңғы қатардамыз, – деді Азамат Құстанов.

Қылмыстың  басты  себебі  –  профилактиканың әлсіздігі

Облыс прокурорының орынбасары қылмыстардың негізгі себептерінің бірі – профилактикалық жұмыстың жеткіліксіздігі екенін атап өтті.

– Жылдар бойы қылмыскердің «портреті» өзгермей келеді: бұрын сотталған (50), мас күйінде (373), есепте тұрған (15) тұлғалар. Биыл оларға кәмелетке толмағандар да қосылды. Полиция мен пробация қызметінің мұндай азаматтарды бақылауда ұстау деңгейі төмен, – деді ол.

А. Құстанов Тасқала ауданында бұрын сотталған азаматтың кішкентай балаға аса қатыгездікпен қылмыс жасаған оқиғасын мысалға келтірді.

– Учаскелік инспектордың әрекетсіздігі салдарынан Малащенко есімді азамат көшеде ішімдік ішіп, бала зорлады. Педофилдер жазасыздықты сезініп, тіпті күндізгі уақытта қылмыс жасауға дейін баруда. 29 қыркүйекте №20 мектеп маңындағы орман алқабында кәмелетке толмаған қыз жарақатпен және буындыру іздерімен табылды. Аталған аумаққа полиция да, жергілікті атқарушы құрылымдар да назар аудармаған. Тек қайғылы оқиғадан кейін ғана орман алқабы ретке келтірілді, – деді прокурор орынбасары.

Қаланың кей мектептері  жарықсыз, камерасыз

Баяндама барысында прокурор №35 лицей, №15 және №24 мектеп маңындағы балалар жүретін жолдарда жарық орнатылмағанына да тоқталды.

– Бұл мектептер қаланың дәл орталығында орналасқан.  Ал шеткері аудандардағы жағдай бұдан да күрделі. №5 мектептің оқушылары мектепке гараж кооперативтері арқылы өтеді. Онда бейне-камера да, жарық та жоқ. Қала бойынша 60 бейнебақылау камерасы істен шыққан. Мұның бәрі қылмыс жасауға қолайлы жағдай туғызып отыр, – деді ол.

Облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы көрсеткендей, қылмыстың басым бөлігі облыс орталығы Орал қаласының орталық бөлігінде тіркелген.

– Сарайшық пен Сейфуллин көшелері арасындағы ауданда 40-тан астам, орталық базар маңында 60-тан астам, «Сити центр» ауданында 50-ден астам, ал 4-шағынаудан мен «Жеңіс» ықшамаудандарында шамамен 40 қылмыс жасалған. Көбіне бұл – ұрлық, бұзақылық, тонау және кейде кісі өлтіру деректері тіркеледі, – деді прокурор орынбасары.

Азамат Құстановтың айтуынша, мұндай деректерді патрульдік қызметтің бағыттарын тиімді жоспарлауға қолдануға болады.

– Қылмыстық картаны нақты талдау арқылы қауіп аймақтарын анықтап, патруль­дер мен бейнебақылау жүйесін сол жерлерге бағыттауға әбден мүмкіндік бар. Өкінішке орай, көбіне шаралар қылмыс болғаннан кейін ғана  қабылданады, – деді ол.

«Қауіпсіз өңір» жобасы

Баяндама барысында прокурор орынбасары Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні қауіпсіздік саласына енгізу жөніндегі тапсырмасын еске салды. Осы бағытта өңірде «Қауіпсіз өңір» жобасы қолға алынған. Жоба аясында AI-бейнекамералар орнатуға 570 миллион теңге бөлінген еді. Алайда, Қаржы басқармасы белгісіз себептермен бұл қаражатты кейін қайтарып алған.

– Прокуратураның араласуынан кейін ғана қаржы қайта бөлініп, конкурс жарияланды. Егер қаражат уақытында игерілгенде, камералар жазда орнатылып, бүгінгі таңда қылмыс деңгейі едәуір төмендер еді, – деді Азамат Құстанов.

Прокурордың айтуынша, қауіпсіздік саласында заманауи технологияларды тиімді пайдаланып отырған нысандар да бар.

– «Алтын алма» базарының басшылығы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуде. Олар екі жылдан бері ақылды камераларды пайдаланып, 2 000нан астам құқықбұзушылықты анықтаған. Мұндай тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеді, – деді прокурор орынбасары.

DSC04817

Оның айтуынша, өзге сауда орындарына да осындай камералар орнату ұсынылғанымен, кәсіпкерлер көбіне қаржы тапшылығын сылтауратқан.

– Ал сауда нүктелеріндегі ұрлықтардан келетін залал әлдеқайда жоғары. Мысалы, биыл Алимов есімді азамат «Анвар» супермаркетінде алты рет ұрлық жасап, жалпы 200 мың теңгеден астам шығын келтірген, – деді ол.

Азамат Құстанов мектептерге де бақылау жүйесі қажет екеніне тоқталды. Айтуынша, бейнебақылау жүйесін білім беру ұйымдарына енгізу өте маңызды.

– Буллинг, қорқытып алу, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу үшін осындай камералар мектептерде орнатылуы тиіс. Мәселен, Под­степный ауылындағы мектептегі оқиға бейнебақылау болғанда болмас еді, – деді прокурор орынбасары.

Оның пікірінше, қауіпсіз орта қалыптастыру тек құқық қорғау құрылымдарының ғана емес, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның да ортақ міндеті.

Оқушылар арасында суицид жиілеген

Кеңес отырысында облыс прокурорының орынбасары  Азамат Құстанов балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өңір­де биылғы жылдың тоғыз айында суицид фактілері 27%-ға артқан. Өткен жылы  18 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 23-ке жеткен.

– Өкінішке орай, бұл өсімнің басты себебі кейбір жауапты тұлғалардың немқұрайлылығы мен алдын алу  шараларының жүйесіз жүргізілуі, – деді прокурор орынбасары.

Азамат Құстанов Ақжайық ауданының Алғабас ауылында болған қайғылы жағдайды мысалға келтірді.

– Аталған мектептің оқушысы анкета толтырған кезде: «Өз-өзімді жоюға тырысамын...» деп жазған. Бірақ мектеп психологы бұл ақпаратты басшылыққа хабарламай, тиісті шара қабылдамаған. Соның салдарынан оқушы суицидке барған. Аталған дерек бойынша психолог пен мектеп әкімшілігіне қатысты Қылмыстық кодекстің 119-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Мұнда  жауапкершілік тек мектеп  қызметкерлеріне ғана емес,  білім басқармасының да мойнында деп есептейміз, – деді Азамат  Құстанов.

Прокурор орынбасарының айтуынша, бұл бағытта кейбір ведомстволар есеп түріндегі шаралармен ғана шектелуде.

– 22 тамызда өткен отырыста барлық жауапты құрылым профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр деп мәлімдегенімен, нәтиже байқалмай отыр. Қыркүйек айында тағы екі суицид әрекеті тіркелді. Қазіргі таңда өңіріміз республика бойынша алғашқы үштікке еніп отыр, – деді ол.

Осыған байланысты облыстық прокуратураның бастамасымен қыркүйек айынан бастап Ақжайық ауданында және қаладағы бірнеше мектепте «Түсті маршрут» пилоттық жобасы іске қосылған. Жоба жасанды интеллект негізінде оқушыларды анкеталау арқылы 301 баланы суицидке бейім деп анықтаған. Бұған дейін бұл оқушылар профилактикалық бақылауда болмаған.

– «Түсті маршрут» жобасы өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл әдістемені облыстың барлық мектебінде енгізу қажет деп санаймыз. Әрбір баланың  психологиялық ахуалына назар аудару – мемлекет пен қо­ғамның ортақ борышы, – деді Азамат Құстанов.

Сөзін қорытындылай келе облыс прокурорының орынбасары мынадай ұсыныстарды ортаға салды:

  1. «Қауіпсіз өңір» жобасын жетілдіріп, оны «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асырудың тиімді құралы ретінде жалғастыру;
  2. Идеологияны жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік құрылымдардың жұмыс тиімділігін бағалайтын индикаторлар жүйесін мәслихат сессияларында бекіту;
  3. «Түсті маршрут» жобасын өңірдің барлық оқу орындарында 100% енгізіп, тәуекел тобындағы оқушылармен жеке жұмыс жүргізу;
  4. Аталған жобалардың орындалуын бақылау үшін облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық жұмыс тобын  құру;
  5. Ахуалдың өзектілігін ескере отырып, алғашқы кезеңде атқарылған шаралардың нәтижесін ай сайын қарау, ал жұмыс тобының есебін екі апта сайын талқылау.

Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы Орал қаласының әкіміне барлық білім беру ұйымдарының айналасындағы аумақтардың жағдайын мұқият тексеруді, көру мүмкіндігін шектейтін қалың өскіндер мен қоқыстарды тазалауды, мектептер мен колледждерге баратын барлық жолдарды, соның ішінде жаяу жүргінші өткелдерін толық жарықтандыруды қамтамасыз етуді және бар бейнебақылау камераларын жөндеп, жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған жаңа жүйелерді орнату жұмысын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар екінші ауысымда оқитын оқушылардың қауіпсіздігіне  ерекше көңіл бөлінуін, кешкілікте оқушылар үйіне қайтатын уақытында көшелер мен аулалар толық жарықтандырылуы тиіс екенін де баса айтты. «Қауіпсіз өңір» және «Түсті маршрут» жобаларының тиімді іске асырылуын бақылауды жауапты салаларға жетекшілік ететін (Қ. Меңдіғалиев, М. Мүлкәй) орынбасарларына тапсырды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты, кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. Заң мен тәртіпке бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, әділетті Қазақстанды  құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз» деп атап өткен болатын.

Уақыт өткен сайын қоғамдағы өзгерістер мен технологиялық үдерістердің дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа сын-қатерлерді де алып келуде. Өкінішке қарай, қылмыстың түрлері көбейіп, қоғамда келеңсіз жағдайлар жиі кездесіп отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдағы тәртіп мәселесіне алаңдаушылық туғызуда.

Осыған байланысты мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалуда. 2025–2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы» бекітілді. Аталған құжаттың негізінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жоспар әзірлеп, халық арасында түсіндіру және алдын алу бағытындағы жұмыстарды бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Дегенмен, әлі де жұмыстарды жандандыру қажет.

Осы орайда, қаланың абаттандырылуы мен бейнебақылау жүйелерінің уақтылы орнатылмауы жөніндегі сын орынды деп есептеймін. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Түгелбай Бисен, 

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале