30.10.2025, 10:15
Оқылды: 151

Қараусыз мал қайғыға ұшыратуда

Облыста жол-көлік оқиғаларының саны 2025 жылдың тоғыз  айында 10%-ға, ал жарақат алғандардың  саны  15%-ға артқан. Өлім жағдайлары азайғанымен (54 адам, былтыр – 76 адам), өңірдегі ахуал әлі де алаңдатады. Облыс прокуратурасында өткен үйлестіру (координациялық) кеңесінің отырысында жол апаттарының себептері мен инфрақұрылымдағы кемшіліктер жайы талқыланып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект жүйелерін енгізу қажеттігі сөз болды.

мамандар галереясы мал шаруа (10)

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиевтің айтуынша, тоғыз айда 54 адам қаза тауып, жол-көлік оқиғалары мен жарақат алғандар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көбейген.

– Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 91 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олар 198 мыңнан астам құқықбұзушылық жасаған. Соған қарамастан, апаттар саны 10 пайызға, жарақат алғандар саны 15 пайызға артты, – деді Д. Омарғалиев.

Прокурор орынбасарының айтуынша, апаттардың басты себептерінің бірі жүргізушілердің тәртіпсіздігі мен жолдардың нашар жағдайы. Өңірдегі жалпы ұзындығы 4834 шақырым жолдың 53 пайызы қанағаттанарлықсыз күйде, ал жөндеу жұмыстары тек 7 пайызын (263 км) ғана қамтыған.

 

Мектептер маңындағы  қауіпсіздік

 

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі жол картасы» мен «Білім беру мекемелері маңындағы жол инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі кешенді жоспардың» 2023-2025 жылдарға арналған іс-шараларының шамамен 30 пайызы орындалмаған.

– 19 бағдаршамға таймер орнатылмаған, көшелерге жарықтандыру мен қоршаулар толық орнатылмаған. 48 мектептің маңында қоршау, 12-сінде тротуар, ал 32-сінде жасанды кедергілер жоқ, – деді прокурордың орынбасары. Оның айтуынша, бұл жағдай мектеп оқушыларының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге жол инфрақұрылымының дайын еместігін көрсетеді.

Прокуратура мен полиция Орал қаласындағы ең қауіпті учаскелерді анықтаған. Қазіргі таңда Тюленин – Шолохов, Шолохов – Есенжанов, Төле би – Әбілқайыр хан, Әбілқайыр хан – Сырым Датов және Әбілқайыр хан – Громов көшелерінің қиылыстары қауіпті.

– Бұл жерлерде қосымша бақылау құралдарын орнату қажет. Шешім ретінде интеллектуалды қиылыстар мен жасанды интеллект жүйелерін енгізу ұсынылады, – деді Д. Омарғалиев.

Дәурен Омарғалиев өз сөзінде «Айти групп» компаниясы қазір операциялық басқару орталығының бейнебақылау камераларын «Көмек стоп буллинг» платформасымен біріктіріп сынақтан өткізуде. Бұл жүйе қауіпті жүргізуді, жол ережесін бұзуды және тіпті жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғаларды аутоматты түрде анықтай алады.

– Бағдарлама іске қосылған соң, жүйені суперкомпьютерге қосу жоспарланып отыр. Бұл үшін жергілікті атқарушы құрылымдардың қаржылай қолдауы қажет, – деді ол.

 

Былтыр 3, биыл 13 оқиға

 

Кеңесте жануарлардың қатысуымен болатын жол апаттары да қаралды. 2025 жылдың тоғыз айында өңірде осындай 13 оқиға тіркеліп, 23 адам жарақат алған (2024 жылы – небәрі 3 жағдай). Алдын алу шаралары аясында 6918 бас қараусыз жүрген мал арнайы орынға жеткізілген. Қазір өңірде әлгіндей 114 қора-қопсы бар. 3179 мал иесіне 21 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

– Дегенмен, бұл шаралар тиімді болмай тұр. Апаттардың бәрі түнгі немесе ымырт кезінде болған. Сондықтан келесі жылдың көктеміне дейін барлық ірі қара мен жылқыларды жарық шағылыстыратын элементтермен жабдықтау қажет. Сонымен қатар аутожол бойларында қорғаныс белдеулер мен қоршаулар орнату керек, – деді Д. Омарғалиев.

 

Қоғамдық көлік пен жүргізушілерге бақылау

 

Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл өңірде қоғамдық көліктерге қатысты 33 жол-көлік оқиғасы орын алып, 48 адам жарақат алса, бір адам қаза тапқан. Ал өткен жылы 11 апат тіркелген.

– Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отырғанда, кейбір аутобус жүргізушілері керісінше, салғырттық танытуда. Мұндай адамдарды «қара тізімге» енгізуді ұсынамыз, – деді прокурордың орынбасары. Сонымен қатар  жүргізуші куәліктерін беру жүйесіне бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Облыста медициналық тұрғыда көлік жүргізуге рұқсаты жоқ 87 жүргізуші  көлік айдап жүр.

 

Дрондарда ақау бар

 

Полиция биыл «Экинпатруль», «Иксспотер» жүйелерін және дрондарды қолдануды бастаған. Бұл құралдар тиімділігін көрсетке­німен, техникалық ақаулар да анықталған.

– 683 хаттама жылдамдықты асыру бойынша қате тіркелгендіктен тоқтатылды. Бұл мәселені тез арада шешу қажет, – деді Д. Омарғалиев.

Қорытынды

 

Жиынды түйіндеген облыс прокурорының орынбасары апаттылықты төмендету үшін инфрақұрылымдық кемшіліктерді жою, техникалық бақылауды жетілдіру, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және жасанды интеллект жүйелерін енгізу қажет екенін айтты.

Кеңес  қорытындысында:

  1. Жасанды интеллект жүйелерін жолдағы құқықбұзушылықтардың алдын алу ісіне қосу;
  2. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа жол картасын әзірлеу;
  3. Межведомстволық жұмыс тобын құру;
  4. Барлық ауыл шаруашылығы жануарларын жарық шағылыстыратын элементтермен жабдықтау;
  5. Қосымша бағдаршамдар, жарықтандыру, интеллектуалды қиылыстар мен тротуарлар орнату мәселесін қарастыру туралы шешімдер қабылданды.

Жиында атап өтілгендей, жасанды интеллект пен интеллектуалды қиылыстарды енгізу перспективалы бағыт.

Алайда олардың тиімділігі жергілікті атқарушы құрылымдардың қаржы бөлуге және жол карталарындағы міндеттерді уақтылы орындауға дайындығына тікелей байланысты. Негізгі инфрақұрылымдық кемшіліктер жойылмайынша, технологиялық жаңашылдықтар жол-көлік оқиғаларын айтарлықтай азайта  алмайды.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале