30.10.2025, 11:15
Оқылды: 176

Әлеуметтік бизнеске бет бұратын кез келді  

 Қазір кәсіпкер десе, өзіне пайда тауып жүрген бизнесмендер еске түседі. Бірақ олардың арасында халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеп жүргендер де бар. Мұндай кәсіп иелері – әлеуметтік кәсіпкерлер. 

 WhatsApp Image 2025-10-29 at 18.36.42

Ұстаз, логопед-дефектолог Дидар Қойбағарова – әлеуметтік салада қызмет етіп жүрген кәсіпкер. Негізгі әлеуметтік жобасы – су тасқыны кезінде Орал қаласында  ашқан «Жан жылуы» аналар үйі. Қиын-қыстау күндері баспанасын топан су басып, қасында арқа сүйер азаматы жоқ жалғызбасты аналарды қабылдаған.  Қазір онда баспанасыз, жұмысы жоқ аналар тегін тұрып жатыр.

– Шыны керек, мұндай үй ашуды ешқашан армандаған да, жоспарлаған да емеспін. Негізі, үйге су тасқыны кезінде үш ай ғана қабылдаймын деп ойладым. Бірақ балаларымен бірге басқа барар жері жоқ аналарды көріп, бұл қызметті тоқтатпадым.  «Жан жылуы» аналар үйін ашқандағы мақсатым – қолдау көрсету. Осы жерде өздеріне деген сенімін арттырып, балаларына жағдай жасауына үлес қосқым келді. Алғашында үйдің ас бөлмесінде жартылай дайын тағамдар шығаруды қолға алдық. Өнімдерімізге «Анамның дәмі» деп ат қойдық. Кейін арнайы лицензия алу үшін бөлек цех аштым. Аналар осы жерден жалақы алады. Үй ашылғалы мұнда он әйел тұрды. Күні кеше екеуі шығып кетті. Бірі басқа қалаға қоныс аударса, екіншісі жұбайымен жеті айдан соң қайта қосылды. Мен осы отбасыға қарап, сабақ алдым. Себебі «Олардың татуласуына мен кедергі болмадым ба» деген ой келді. Осыдан соң  аналар үйіне тек жұбайы қайтыс болған әйелдерді қабылдаймын деп шешім шығардым. Себебі ешкімнің отбасының бұзылуына себепкер болғым келмейді. Мұнда тұруға келген аналар жұбайының қайтыс болғаны жөніндегі құжатты көрсетеді. Ал өмірден теперіш көріп, қиналып жүрген жүкті әйелдер, жұбайынан зәбір көрген аналар келсе, оларды «Аналар үйіне» немесе дағдарыс орталығына баруға кеңес беремін, – деді Дидар Қожагелдіқызы.

Қайырымды жанның кәсібі білім беру саласына бағытталған. Кезінде мектепте ұстаздық етіп, балаларға репетитор да болған. Қазір Орал қаласы мен Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылында «Super start»  балалар орталықтары жұмыс істейді. Ұстаздардың білімін жетілдіруге бағытталған «Халықаралық білім академиясын» құрған. Әр облыста оның бірлестіктері бар. Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Ресей елдерімен меморандумға отырған. Ұстаздарды білім беру жүйелерімен таныстыру үшін шетелдерге апарып жүр. Осылайша олардың әлемдік білім беру жүйесіндегі үздік әдіс-тәсілдерді меңгергенін қалайды. Бүгінде оның өзі секілді ұстаздармен бірлесіп дайындаған «Баланың ойлау қабілетін сөздік қор арқылы дамыту», «Инклюзивті білім берудің мазмұны мен тәжірибелік аспектілері» атты оқу құралдары жарық көрді.

WhatsApp Image 2025-10-23 at 18.01.26

– Әр адамның әлеуметтік кәсіпкер жөніндегі түсінігі әр түрлі. Жалпы әлеуметтік кәсіпкер болу үшін арнайы тізілімге кіру керек. Мысалы, бір кәсіпкер «Әлеуметтік кәсіпкердің тізіліміне енген соң, үкіметтен қаржылай қолдау, түрлі жеңілдіктер аламыз» деген сеніммен жүреді. Ал енді бірі «Менің кәсібім ойдағыдай жүріп тұр. Енді мен де қоғамға, әлеуметтік ортаға қолдау көрсетейін» деп ойлайды. Мен әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуметтік көмек көрсету арқылы табыс табу деп ойлаймын. Мысалы, «Зияткер» деп аталатын әлеуметтік кәсіпкерлердің қауымдастығын құрдым. Яғни әлеуметтік тапсырыстарды орындау арқылы табыс табамын әрі әлеуметтік көмек көрсетемін. Бірақ мен аналар үйінен пайда көріп отырғаным жоқ. Шетелде бұл сала өте мықты дамыған. Мысалы, «Жан жылуы» аналар үйінің цехында дайындалған өнімдерді әдейі алмайтындар да бар. Бұл үйдің де қызметін алғашында ешкім түсінбеді. Оның маңызын ақырын ғана түсіндіріп келемін. Шыны керек, әлеуметтік көмекті қажет ететіндер, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы немесе жалғызбасты аналар көрсететін қызметтерді алуға біздің қоғам дайын емес. Шетелде Даун синдромы бар адамдар кофеханалар ашқан. Сол жердің халқы олармен фотоға түсіп, жарнамалап, бизнесті дамытуға қолдау көрсетеді. Ал бізде диагнозы бар адамдар кәсіп ашса, оған кімдер барады? Мен сияқты логопед, мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар ғана барады. Яғни онда сол саланы түсінетін адамдар ғана жүреді.  Сондықтан біздің қоғам мұндай қызметке рухани да, психологиялық тұрғыда да әлі дайын емес. Алайда күннен-күнге әлеуметтік көмекті қажет ететін адамдар көбейіп барады. Балалардың арасында тіл мүкістігі, ақыл-ой дамуының тежелуі сияқты бұзылыстар көбейіп отыр. Ал біздің болашағымыз – осы балалар. Сондықтан әлеуметтік көмекті қажет ететін бизесті дамыту, көрсету керек. Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы көбірек ақпарат таратқан жөн, – деді қамқор кәсіпкер Дидар Қожагелдіқызы.

Елде әлеуметтік кәсіпкерлердің (ӘК) арнайы тізілімі бар. Оны ҚР Ұлттық экономика министрлігі жүргізеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиев әлеуметтік кәсіпкерлік жөнінде түсінік берді. Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы 2023 жылы басталды. Әлеуметтік кәсіпкерлер ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес қызмет көрсетеді.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік  азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге ықпал етеді. ӘК-нің тізіліміне ену үшін құжат әр тоқсан сайын, яғни бір тоқсанның соңғы айының 1-15 күндері аралығында қабылданады. Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне кіру үшін тиісті санаттардың біріне сай болуы тиіс. Біріншіден, өткен жылғы кірісін дәлелдеуі керек. Кәсіпкердің ресми тіркелген жұмысшыларының кем дегенде 50%-ыхалықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жататын адамдар болуы қажет. Яғни егер бес адам ресми тіркелген болса, соның үшеуі әлеуметтік осал топтан болуы тиіс.  Бұл топқа зейнеткерлер мен зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар, тұрғылықты жері жоқ адамдар, нашақорлықтан емделгендер, мүгедек балалардың ата-аналары мен қамқоршылары, балалар үйінің 29 жасқа дейінгі түлектері, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдар,  мүгедектігі бар адамдар, жалғызбасты аналар, көп балалы аналар және аз қамтылған әйелдер, қандастар жатады. Екіншіден, ХӘОТ үшін  тауарлар өндіруге, жұмыстарды орындауға немесе қызмет көрсетуге тиіс. Мысалы, протездер жасауға, демалу мен сауықтыруды ұйымдастыруға болады. Ал құрылыс компаниялары ғимараттардың есігінің алдына пандустар жасай алады. Үшіншіден, білім беру саласында түрлі үйірмелер, оқыту курстарын өткізу. Төртіншіден, медицина саласына қатысты. Стоматологиялық немесе массаж жасайтын кабинеттер, балаларды дамытатын орталықтар ашу. Тізілімге енген кезде кәсіпкерліктің қызмет көрсету немесе жұмыс бағыты тіркеледі, – деп түсіндірді Мейрам Жасланұлы.

Әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай мемлекеттік  қолдаулар бар? Бөлім басшысының айтуынша, оның 9 түрі бар. Бірақ олар толық жұмыс істемей тұр. Әлі жетілдіретін тұстары көп. Ең бастапқы қолдау түрі – кәсіпкерлер  мемлекеттік гранттар беретін конкурсқа қатыса алады.  Бұрын жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға  арналған 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беру байқауына барлық кәсіпкер қатысқан. Қазір бұл байқауға қатысу үшін әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде болу керек.  Мемлекеттік гранттар  https://kezekte.kz электронды порталы арқылы беріледі.  Грант қаражатын алған соң, 18 айдың ішінде бизнес-жоспарға сай игеріп, жұмыс орнын ашуы тиіс. Егер әлеуметтік кәсіпкер мемлекеттік құрылым орналасқан ғимараттан кәсіп ашқысы келсе, оған орынның жалдау құны төмендетілген пайызбен беріледі.

WhatsApp Image 2025-10-23 at 18.01.30 (1)

– Облыста 59 мың кәсіпкерлік тіркелген. Соның 145-і ғана әлеуметтік кәсіпкерлер. Өңір бойынша есептесек, ӘК-лер саны өте аз. Ал республика бойынша Батыс Қазақстан үшінші орында тұр.  Биыл облыста 30 әлеуметтік кәсіпкерге 5 млн теңгеден грант беру жоспарланып отыр. Былтыр су тасқыны болғандықтан, гранттар берілмеді. 2023 жылы 140 млн теңге қаражат бөлініп, 32 кәсіпкер грант алды. Бұл қаражаттың 60 пайызы аудандардағы әлеуметтік кәсіпкерлерге берілді. Бүгінде аудан-ауылдардағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінде тұр. Жаңағы 145 ӘК-ның 30 пайызы ғана аудан-ауылда. Мысалы, әр ауылда азық-түлік дүкені бар. Онда кем дегенде бір сатушы, бір күзетші, бір еден жуушы жұмыс істейді. Солардың екеуі әлеуметтік осал топқа жататын адам болса, дүкен иесі әлеуметтік кәсіпкерліктің бірінші санатына сәйкес келеді.  Осындай жайттарды түсіндіріп жүрміз. Кәсіпкерлер әлеуметтік салаға да көңіл бөліп, көмек көрсетулері қажет, – деді бөлім басшысы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале