Бөрлі ауданындағы Димитров ауылы Жарсуат ауылдық округінің құрамына кіреді. Шағын ауыл болса да 120-дай тұрғыны бар. Табиғаты тамаша, шаруалары мығым ауыл тұрғындары көптен бері орталықтандырылған ауыз су құбырын күтіп жүрген еді.

Осы армандары биыл, Қазақстан Республикасы күні мерекесі қарсаңында жүзеге асты. Жалпы ұзындығы 6 шақырымнан асатын, 2 ұңғымадан тұратын су құбыры 70 үйге кіруі тиіс. Оның 20 шақтысына су кіріп үлгерген. Қалған үйлер де таза су желісіне қосылуға дайындық үстінде. Іске қосылған су құбыры ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады.
«Бүгін ерекше қуанышты күн. Біз бұл күнді көп күттік. Әркімнің ауласында тұщы су құдығы болғанмен, орталықтандырылған желіге жететіні жоқ. Өйткені бізде мекемелер де бар ғой. Жақсы болды деп қуанып отырмыз» - дейді ауыл ақсақалы Рахымғали Көшербаев.
Аудан бюджетінің қаржысы есебінен жүзеге асқан жобаны «Айтемірқұрылыс» ЖШС - ел игілігіне берді.

Жобаның ашылу салтанатына аудан басшылары мен мердігер компания өкілдері, БАҚ өкілдері жиналып, аудан әкімінің орынбасары Мұқтар Нұрмақов ауыл тұрғындарына құтты болсын айтты. Ал ауыл тұрғындары атынан Л.Тарановская сөз сөйлеп ел алғысын жеткізді.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы