29.10.2025, 21:00
Оқылды: 154

Жәнібек ауданы: Әр ұсыныс пен өтініш назарға алынады

Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязовтың ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен жүздесуі жалғасуда.

image-29-10-25-06-16-5

Бұл жолы аудан басшысы Ұзынкөл, Ақоба және Күйгенкөл ауылдық округтерінде болып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

image-29-10-25-06-16-2
Алдымен Ұзынкөл ауылына ат басын бұрған әкім мұнда бой көтеріп жатқан тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдеріне нысанды сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан негізінен жұмыс пен тұрғын үй мәселесі көтерілді. Әсіресе зейнет жасына таяған ауыл азаматтары тұрақты жұмыспен қамтуды сұрап, бұл бағытта нақты қолдау көрсетуді өтінді.
Ақоба ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауылдан аудан орталығына шығатын маршрутты қалпына келтіру және жастар үшін ескі мектеп ғимаратындағы спорт залды жөндеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ жолаушылар тасымалына субсидия бөлу мәселесін қозғады.

image-29-10-25-06-16-4

Шаруа қожалықтарының өкілдері жер қатынастарына қатысты сауалдарын ортаға салып, конкурс арқылы өтіп кеткен жерлері кері қайтарылған жағдайда суданка шөбін егуді қолға алуға дайын екендіктерін жеткізді.
Аудан басшысы, сондай-ақ, қазіргі таңда балабақша және шағын орталық ретінде қайта жаңғыртылып жатқан ескі мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанның құрылысын жүргізіп жатқан жеке кәсіпкер Абай Жұмақұловпен кездесіп, құрылыс барысын нақтылады.

image-29-10-25-06-16-1
Күйгенкөл ауылында өткен кездесуде тұрғындар тас жолдың сапасына қатысты мәселе көтерді. Аудан әкімі бұл бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиевке тиісті мердігермен бірлесіп, жөндеу жұмыстарын шұғыл түрде жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындар балалар ойын алаңының қажеттігін жеткізді.

image-29-10-25-06-16-3
Кездесу барысында зейнеткер ұстаз Жұпар Хамзина ауылдың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, мектептегі ахуал жөнінде сөз қозғады. Ол білім ордасына жаңа басшылық қажет екенін атап өтті. Аудан әкімі Тимур Шиниязов бұл мәселені назарға алып, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевке тиісті шара қолдануды жүктеді.

image-29-10-25-06-16-7
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің барлығы бақылауға алынатынын, әр ұсыныс пен өтініш нақты талданып, тиісті шешім қабылданатынын айтты. Сонымен қатар ол ауылдық округ әкімдеріне елмен тығыз байланыста жұмыс жасап, тұрғындардың сұранысына жедел әрекет етуді тапсырды.

Бану Берікқали,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале