Тасқала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының инспекторы Мұхтар Құлжанның қатысуымен аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен кездесу өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрайымы Люция Жұбанышқалиева және аудандық этномәдени бірлестіктер жетекшілері, ақсақалдар мен аналар кеңесінің төрағалары, сондай-ақ
жергілікті қоғам өкілдері қатысты. Кездесуде қоғамдағы ұлтаралық татулықпен келісімді сақтау, ел бірлігін нығайту, сондай-ақ Ассамблеяның аймақтық бөлімшелерінің жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды. Өз сөзінде Мұхтар Төлегенұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ел дамуы жолындағы рөліне тоқталып, аудандағы бірлік пен келісімді нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

«Ел бірлігін сақтау, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту – әр азаматтың ортақ борышы. Бұл бағытта Ассамблеяның жұмысы – мемлекет саясатының маңызды бөлігі», – деді ол.
Кездесу барысында Ассамблеяның белсенді мүшелері аудандық әжелер ансамблінің төрайымы Аққаным Меңдіғалиева мен «Тасқала ауданының аңшылар және балық аулаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Алексей Степанов Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының алғысхатымен марапатталды.
Жиында Галина Жигальцова «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен келісім кепілі», Әлия Сәрсенбаева «Қазақстан – ортақ үйіміз, бейбітшілік пен татулық үлгісі» тақырыбында баяндама жасады.
Аудан әкімі Талғат Асқарұлы жиынды диалог форматында жалғастыруды ұсынып, қатысушылармен пікір алмасты. Ол өз сөзінде аудан аумағында түрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністікте өмір сүріп, мәдениет пен дәстүрді ұлықтап келе жатқанын атап өтті. Айта кетейік, бүгінде Тасқала ауданында 15 727 тұрғын өмір сүреді, олардың 8,1 пайызы – өзге этнос өкілдері. Этностар арасындағы достық пен ынтымақ аудан өмірінде ерекше орын алады.

Кездесу соңында Мұхтар Төлегенұлы аудандық Ассамблея жұмысына табыс тілеп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы бірлескен іс- шаралардың жалғасын табатынына сенім білдірді
Ел Аман,
Тасқала ауданы