3.11.2025, 11:30
Оқылды: 169

Білімге жол ашқан орталық  

 

Бүгінгі таңда сапалы білім – табысты болашақтың кепілі. Осы орайда оқушылар мен жастардың білімін тереңдетіп, қосымша қолдау көрсететін оқу орталықтарының маңызы арта түсуде. Білімге ұмтылған ұрпақтың келешегі кемел боларына сенімді  Дүйсекеновтер отбасы да ауданымызда бұрын-соңды болмаған кәсіптің көзін ашып, шілде айында өз қаражаттарына Жаңақала ауылынан "IQ Qadam" оқу орталығын ашады. Аталмыш орталық қысқа мерзім ішінде ата-аналар сеніміне ие болып, оқушылардың білім деңгейін көтеруге сүбелі үлес қосып келеді.

image-03-11-2222

Негізін қалаушылар Амангелді мен жұбайы Нұрайым жас та болса,  білім беру саласына жаңашылдықпен қарап, ауыл баласына қала деңгейіндегі сапалы білім ұсынуды мақсат еткен. Бұл ілім мекенін ашу үшін алдымен Нұрайым Мейірбекқызы биыл Алматы қаласындағы республикалық "Galamat" оқу-әдістемелік орталығынан арнайы білім алып, алған тәжірибесін орталық мұғалімдерімен бөліседі. Қосымша білім беру ордасы оқушылардың сабақтан тыс уақыттарында ақылы негізде жұмыс істеп, ондағы мұғалімдер жазғы демалыс мезгілінде де балабақшаны енді аяқтаған бүлдіршіндерді мектепалды даярлық тобына дайындайды. Және 1-4-сыныптарға арналған бастауыш білімдерін толықтырып, үй тапсырмаларын орындауға көмектесіп, оқу жылдамдығын дамытып, математикадан логикалық есептер шығартады. Мұның өзі балалардың білімін тереңдетуге, оқу үлгерімін арттыруға, ойлау көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Тәжірибелі ұстаздар оқушылардың жеке қабілетіне қарай жұмыс жасап, оқу жоспары негізінде әр баланың білім деңгейін арттыруға көзделген әдістерді қолданады. Бұл жерде аптасына 5 күн, 2 сағаттан оқиды. Сондай-ақ 3-сынып пен 8-сынып оқушыларына арналған ағылшын тілі курсы да бар.  Аталмыш пән аптасына 3 рет 1 сағаттан оқытылады. Оқу ақысы да қалтаға қонымды. Қазіргі таңда оқу орталығында 5 мұғалім 30 балаға екі ауысымда білім береді. Әр топта 8 оқушыға дейін оқи алады. Егер оқушы саны көбейсе, екінші топ ашылады. Өкінішке орай, ғимарат іші шағын болғандықтан, оған мүмкіндік болмай отыр. Нысанды жалға алып отырған отбасы болашақта кәсіптерін кеңейтіп, мектеп бағдарламасын оқытумен қатар балалардың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту мақсатында бүгінгінің сұранысына ие логопед, дефектолог мамандарды да жұмысқа алмақ.

IMG_1413

- Қазіргі таңда ата-аналардың көпшілігі тірліктің қамымен таңнан кешке дейін жұмыста болып, балаларының сабағын қарауға мүмкіндіктері болмай жатады. Мәселен, қалалық жерлерде  жеке оқу орталықтары  көзімізге  көп шалынады. Мұндай орындар жұмысбасты ата-анаға өте тиімді. Сонымен бірге жергілікті тұрғындардан да ауданымызда осындай  оқу орталығы ашылса деген қалауларын жиі естіп  жүрміз. Сөйтіп жұбайым екеуміз білімнің іргетасы бастауышта қаланатынын ескеріп, "IQ Qadam" деген атпен төменгі сынып оқушыларына қосымша білім беру орталығын аштық. Кішкентай балаларды жалықтырмай, керісінше оқуға деген қызығушылықтарын арттыру үшін әртүрлі әдістерді пайдаланып, сабақты қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Бұл жерде олар мұғалімнің бақылауында болып, берілген үй тапсырмасын бірге орындайды.  Мұғалімдердің барлығы жоғары білімді, арнайы педагогикалық санаттары бар. Біз үнемі ата-анамен, мектеп мұғалімдерімен тығыз байланыста боламыз. Дегенмен біздің орталыққа сеніп, баланы қараусыз қалдыруға тағы болмайды. Бала - болашағымыз. Сондықтан әр ата-ана баласының басқан қадамын бақылап отырғаны жөн деп ойлаймын.

Әр кәсіптің өзіне тән қиындығы болады ғой. Қазіргі таңда бізде бастауыш сынып мұғалімі тапшылық етуде. Сондай-ақ бұл жерге 9-10 жасқа дейінгі балалар келетіндіктен,  олардың ішінде сөйлеу қабілеті дұрыс қалыптаспаған, дыбыс қоя алмайтын және тілінің мүкістігі барлар да кездесіп жатады. Сондықтан алдағы уақытта арнайы диагнозы бар оқушылармен айналысатын білікті мамандарды да жұмысқа алу ойда бар. Ауылдық жерлерден де  оқу орталығын ашуымызды сұрап, хабарласып жатқандар да кездесуде. Әрине, ол - болашақтың еншісінде,-дейді орталық басшысы Амангелді Меңдіханұлы.

IMG_1423

Мәстексайдай шағын ауылда туып-өскен Амангелді Дүйсекенов  отбасындағы төрт ағайындының ең кенжесі. Меңдіхан әке мен Жаңылсын ананың берген тәрбиесімен сусындап, ұлттық құндылықты бойына сіңіріп, тәртіп пен тағылымды қатар ұстанған ол таудай талабы мен білімге деген құштарлығының арқасында сол ауылдың мектебінен түлеп ұшып, 2016 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да "Технологиялық машиналар және жабдықтар" мамандығын меңгереді. Кейін 2019 жылы аталмыш жоғары оқу орнынан "Техника және технология ғылымдарының магистрі" дәрежесін абыроймен алып шығады.  Бүгінде ауданымыздағы газ шаруашылығында еңбек етуде. Өмірлік жары Нұрайым Мейірбекқызы да жоғары білімді педагог, Жаңақала мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі, қазір декреттегі ана. Сүйкімді екі қызды тәрбиелеп отырған бұл отбасы күйбең тірлікпен тыным таппай жүрсе де, балаларының болашағына  баса мән береді. Білім - балаға берілетін ең үлкен мұра, ең берік қорған екенін жақсы түсінеді. Тәрбиемен қатар білімнің маңызын терең ұғынатын Дүйсекеновтер жанұясы ұрпағын саналы, сауатты, жауапкершілігі мол азамат етіп өсіруді басты міндет санайды.

Амангелдінің айтуынша, аталмыш орталықта білім алып жүрген бала мен жаңадан қосылған баланың білімінде айтарлықтай айырмашылық бар. Сонымен қатар кей оқушылардың мінез-құлықтарында да оң өзгерістер байқалып, өз бетімен ойлау, талдау және шешім қабылдау дағдылары артқан. Әсіресе балабақшадан даярлық сыныбына баратын бүлдіршіндердің зейіні тұрақталып, әріп танып, қалам ұстауды үйренген.

Ата-аналар да орталықтың жұмысына оң баға беріп келеді. Солардың бірі, ауыл тұрғыны Ерболат Баймұқашев:

– Балам 2-сыныпта оқиды. Тамыз айынан бастап «IQ Qadam» оқу орталығына тұрақты барып жүр. Содан бері сабаққа ынтасы артып, өз-өзіне сенімді бола бастады. Жазуы ретке келіп, қатесіз оқуды үйренді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ата-аналардың көпшілігінің бала сабағына терең көңіл бөлуге уақыты жете бермейді. Оның үстіне, бүгінгі мектеп бағдарламасы да күрделеніп кетті, кейде өзімізге де түсініксіз болып жатады. Ал бұл орталықтың оқулықтары жеңіл, балаға түсінікті. Мұғалімдер сабақты қарапайым тілмен жеткізеді, ең бастысы – әр балаға жеке көңіл бөледі. Мектептегі ұстаздарының да еңбегі зор, әрине. Бірақ бұл орталық баламның қосымша білім алуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұрын сабақтан тыс уақытын телефонға қарап өткізетін еді, қазір ойыннан гөрі оқуына көңіл бөледі. Бұл – ата-ана ретінде біз үшін үлкен жетістік. Осындай орталықтың жұмыс істеп тұрғанына қуаныштымыз, – дейді жүрекжарды ризашылықпен.

IMG_1429

Жайлы оқу кабинеттері, заманауи оқу құралдары мен психологиялық қолдау –  басты артықшылығы боп саналатын «IQ Qadam» – тек оқу орны ғана емес, балалардың өз-өзіне сенімділік ұялататын мекен. Бұл жер – ауыл баласының болашағына инвестиция. Ең бастысы – баланың білім алуға деген құлшынысы мен ата-ананың қолдауы.

Біліммен ел ертеңін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген Амангелді мен Нұрайымға шәкірттеріңіз биіктен көрініп, жолдарыңыз әрдайым ашық болсын дейміз.

 

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале