12.01.2017, 12:34
Оқылды: 66

Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуына орай байқау жарияланды

  Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың оқу залында Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуына орай «Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен» атты кітап көрмесінің ашылуы өтті.

ХVIII ғасырдағы патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққан Кіші Жүз қазақтары көтерілісінің басшысы, әйгілі би, шешен, өз заманының алып тұлғасы Сырым Датұлының тарихтағы алатын орнын жас буынға насихаттауды мақсат еткен шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш шарада Батыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов Сырым Датұлының 275 жылдығына орай атқарылатын шаралар туралы айтты. Мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин Сырым бабамыздың мұраларының жинақталуы жөнінде әңгімеледі.

-Ағымдағы жыл Сырым өңірі үшін айтулы оқиғаларға толы жыл болмақ. Солардың бірі «Алаш» қозғалысына 100 жыл, Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 130 жыл және Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толып отыр. Аталмыш шараларды ұйымдастыруды бастап кеттік. Аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен облысымыздағы 391 кітапхана бір мезгілде онлайн конференция өткізді. Кейін шара кітап көрмесінің ашылуымен жалғасын тапты. Сырым батырдың 275 жылдығына арналған мерейтойлық арнайы логотипке байқау жариялап отырмыз. Байқаудың мақсаты елімізде өтетін мерейтойға белгі қалдыру. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен әуесқой суретшілер қатыса алады. Жас ерекшелігі шектелмейтінін, логотиптегі бейненің үш түстен аспау керектігін қатысушыларға ескертеміз. Аталған байқау 12 ақпанда қорытындыланып, бір ғана жеңімпаз анықталады. Ал байқауға жұмыстарды қай мекен-жайға жіберу жөніндегі ақпаратты алдағы уақытта БАҚ арқылы хабарлайтын боламыз,-дейді Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева.

Темірболат Тоқмамбетов

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале