Жоғары медициналық колледждің симуляциялық кабинеттері заманауи тренажерлармен, манекендермен, симуляторлармен және қосымша қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл құралдар болашақ медицина қызметкерлерінің адам тағдырына қатысты түрлі жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін тәжірибе тұрғысынан үйренуге септігін тигізеді. Симуляциялық кабинеттерде студенттер тәжірибелік машықтарын жетілдірсе, облыстағы медицина мамандары кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Парамедиктер дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша даярлық тренингтерінен өтеді. Аталмыш кабинеттерді біз де аралап, оқытушылармен тілдестік.

Зура Исбатырова, «Мейіргер ісі» арнайы пәнінің оқытушысы, педагог-сарапшы:

– Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжде оқитын студенттердің барлығы бірінші курста «Мейірбике ісі» бойынша біліктілігін меңгереді. Яғни мейірбикелер қандай кәсіби білім мен дағдыларды білуі тиіс соны үйретеміз. Мәселен, инсульт алған адамның қолы дірілдеп, тамақ ішуі қиындайды делік. Ауруханаларда тамағын төгіп-шашпас үшін оларға қолдарын фиксация жасайтын, яғни дірілдеуін тоқтататын қасық пен тарелке қорғанын ұсынады. Мейірбикелер сонымен жұмыс істеуді үйренеді. Арнайы қасықтың ішіне болттар салынып, салмағы ауырлатылады. Сондай-ақ ілгектерін ағытып, кері тағатын, шұлғауды кигізіп, шешетін құрылғыларды меңгереді. Терілері нәзік науқастарды жуындыруды үйренеді. Онкологияға шалдыққан науқастардың терілері өте нәзік болады, жырып кетсе, ұзақ уақыт жазылмайды. Симуляциялық кабинетте ем-дом жүргізуге, екпе егуге арналған көпфункционалды манекендер бар. Көз, мұрын, құлақ, тамақ күтімдерін көрсетеміз. Зәр шығара алмайтын науқастарға катетер салады. Жүрек-өкпе реанимациясын жасайды. Манекендерге ем-дом дұрыс жүргізілмесе, екпені дұрыс салмаса, планшетте қате жасаған әрекеттері көрсетіліп тұрады. Мейірбикелер үлкен-кіші науқастардың денсаулығына күтім жасап, кәсіби медициналық жәрдем көрсетеді.
Айкөркем Үмбетова, Анатомия, физиология пәндерінің оқытушысы:

– Студенттер жұмыстанатын Пирогов интерактивті анатомиялық үстелі – озық инновациялық техника, мұнда адамның ішкі ағзаларын әртүрлі қырынан визуальды түрде көруге болады. Яғни адам анатомиясы мен топографиялық анатомия бойынша барлық материал орналастырылған. Ағзалардың құрылысы, антропометриялық пішіні, тіпті түстері де адамның дене мүшелеріне сай келеді. Бұлшықет тамырларын да 3Д сипатта көруге болады. Қан тамырлары, жүйкелердің ең кішкентай түрдегі формасы да назардан тыс қалмайды. Адам мүшелерінің жынысқа қатысты айырмашылықтары, олардың топографиялық орналасуы барлығы өте айқын түрде берілген. Пирогов үстелінің төрт мүмкіндігі бар.

Біріншісі, ішкі ағзаларды қарау, екіншісі, сырқат белгілері бойынша диагностика жасау. Ал үшіншісі, қалыпты жағдайдағы ағза мен ауруға шалдыққан түрін салыстырады. Мәселен, өкпенің қалыпты жағдайдағы көрінісі мен қатерлі ісікке шалдыққандағы көрінісін салыстырып көрсетеді. Төртіншісі, өткен сабақтар бойынша студенттердің білімін тексеріп, тест орындатады. Бір ерекшелігі, құрылғыдағы ақпараттар қазақша, орысша және ағылшынша берілген. Қай тілде ақпарат алғыңыз келсе, сол тілді таңдайсыз. Бағдарламасы жыл сайын жаңартылып тұрады. Бұл студенттердің анатомия, физиологиядан практикалық білімін арттыруға мүмкіндік береді.
Айсұлу Көсегенова, Кәсіби біліктілікті арттыруға арналған оқу-клиникалық орталығының меңгерушісі:
– Оқу-клиникалық орталықтың нұсқаушылары мейірбикелерді, дәрігерлерді, парамедиктерді оқытады. Орталықта түрлі симуляциялық кабинеттер бар. Балаларға арналған симуляциялық кабинетте патронаждық жүйе бойынша жұмыс істеуді үйретеді. Нәрестелердің салмағын өлшеуден бастап, «грушаларды» қолдануды, тамақтандыруды, жас босанған ана мен сәби күтімін меңгертеді. Сәбидің дене қызуы көтерілгенде, әртүрлі жұқпалы аурулармен ауырғанда емдеу жолдарын түсіндіреді. Көпфункционалды манекендерге медициналық көмек дұрыс көрсетілмесе, олар жылайды, айқайлайды, ашуланады.

Білім алушылардың манекенге жасаған ем-домдарын біз арнайы планшеттер арқылы бақылап, бағалаймыз. «Науқастарды» ЭКГ-ға, томографияға түсіреді. Жүрек пен өкпеге реанимация жасайды. Оқу-клиникалық орталықтың акушерлік кабинетіндегі манекендер кәдімгі жүкті әйелдер секілді алты сағат бойы толғақ ұстап, босанады. Білім алушылар босандыру процесін толық бақылайды. Яғни алғашқы жәрдем мен шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша барлық дағдыны меңгереді.
Мерлан Ғабдрахимов, Оқу-клиникалық орталығының оқытушысы, жүрек-өкпе реанимациясы бойынша нұсқаушы:

– Білім жетілдіруге арналған оқу-клиникалық орталықта қазір шетелдік компанияда қызмет ететін парамедиктер, яғни медициналық білімі жоқ, бірақ дәрігер келгенше алғашқы көмек көрсе-
туге жауапты мамандар оқып жатыр. Қан тоқтату, жүрек пен өкпеге массаж жасау, қан
қысымын өлшеу, әртүрлі жарақаттарды таңу, күре тамырларға екпе салу, асқазанды тазалау секілді
алғашқы көмек көрсету түрлерін үйренеді. «Жедел жәрдем» шақыру барысында науқастың жағдайын бағалап, баяндай біледі. Шұғыл жағдайларда базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша алғашқы көмек көрсетуді үйренді. Оларға лекция оқып, симуляциялық кабинетте практикалық тұрғыда білімдерін жетілдірдік. Көпфункционалды манекендермен жұмыс жасады. Енді алған білімдері бойынша сынақ тапсырады.
«Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады»
Батыс Қазақстан медициналық колледжінің іргетасы Орал қаласында сонау 1916 жылы қаланған. Бұған себеп, Еділ мен Жайық арасындағы аймақ ХХ ғасырдың басында обаның ошағы болды. 1912 жылдан бастап Орал губерниясында дәрігер эпидемиолог, ғалым Григорий Кольцов жұмыс жасады. Бұл кезде елде оба ауруының өршіп тұрған кезі болатын. Медициналық кадрлардың оба мен тырысқақ эпидемиясының алдын алуға, жоюға шамасы келмейтінін түсініп, медициналық мектеп ашу туралы Зем басқармасына хат жолдайды. Осылайша Орал губерниясында медициналық мектептің ашылуына Григорий Кольцов бастамашы болған. Бұл туралы, яғни колледж тарихы мен оқу орнындағы музейдің жәдігерлері жөнінде бізге аталмыш музейдің меңгерушісі, сапа эксперті Күнзада Мусина баяндады.

Оның айтуынша, Орал Зем ауруханасының жанынан дәрігер Г. Кольцовтың ұйымдастыруымен төрт жылдық фельдшерлік-акушерлік мектеп ашылады. 1919 жылы желтоқсан айында майдан даласында жүретін мейірбикелерді даярлау үшін екі, төрт, тоғыз айлық қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады. 1920 жылдың 10 сәуірінде И. Кольцов бөртпе сүзегінен қайтыс болғаннан кейін фельдшерлік-акушерлік мектепті Александр Генке басқарады. Оқу орнының негізі осылай қаланған.
Колледж музейінде алты шам ілініп, бөлме жиһазбен қамтылған, қабырғаларда тақырыпқа сәйкес көрнекіліктер ілінген. Бұрын ұсталған медициналық құрал-жабдықтар, аппараттар сақталған. Олардың қатарында 1974 жылғы көп мәрте қолдануға лайықталған шприцтер, 1987 жылғы оттегі шемоданы, 1989 жылғы кювез (шала туған сәбилерді орналастыратын), «Мәскеу» жазу машинкасы бар. Фармакология, стоматология, гигиена және эпидемиология, емдеу ісі бөлімдерінің негізін қалаушылардың, қызмет еткен дәрігерлердің, директорлардың суреттері ілініп, өмір деректері жазылған. Жәдігерлер ілінген әр қабырғаға атау берілген. Мәселен, «Тәжірибелі оқу ісінің бағбандары», «Сырлы шежіреге толған білім ордасы», «Ұрпақ тәрбиесі – ұлы іс» атты бөлімдері бар. Сондай-ақ «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады» атты үлкен үш бөлім Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батысқазақстандық дәрігерлерге арналған. Музейде республикалық сайыстарда жүлделі орын алған оқытушылардың марапаттары, алғысхаттары мен кубоктары да қойылған.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»