Биыл Жымпиты ауылдық округінде ең бір өзекті мәселе шешімін тапты. С. Сейфуллин көшесінің бойынан балалар мен жасөспірімдерге арналған демалыс кешенінің құрылысы басталды.

Оқырмандардың есінде шығар, 2023 жылы сәуір айында «Асфальт үстінде асыр салу - балаларға қауіпті емес пе?» тақырыбында материал жаздық. Бұл біздің журналист әрі ел сайлаған депутат ретінде билікке қойған сауалымыз-тұғын.
Жымпиты ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Дидар Искакова сол кезде Абай көшесінде кәмелеттік жасқа толмаған 83 бала тұрады деп ақпарат берген. Соның ішінде, балабақша жасындағы 31 бүлдіршін бар. Ал, С. Сейфуллин көшесінде қарадомалақтардың қарасы көбірек. Бұл көшеде 157 бала болса, оның 49-ы – бақшаға баратын жаста. Демек, Жымпитының батыс бетінен 160 оқушы мектепке көлік жүретін жолдың жиегімен қатынайды. 80 шақты балғын асфальт үстінде ойнайды. Бұл сан екі жылда едәуір өсті ғой.
- Қос көшеде де көлік ағыны тынымсыз. «Мың күн сынбаған шөлмек, бір күн сынады» - дегендей бір күні сәбидің бірі көлік астына түссе кім жауап береді?
Сондықтан, біз қауіптің алдын – алу мақсатында екі мәселені кезек күттірмей шешуге тиістіміз. Біріншісі, Абай мен С.Сейфуллин көшелері бойына балалар ойын алаңдарын салу қажет, - деп жазған едік.
Міне, мәселенің маңызды екенін түсінген Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың тікелей тапсырмасымен балаларға арналған ойын алаңын салу үшін аудандық қазынадан 77,3 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер - “TABSQURYLYS” ЖШС болып танылды.

Кешеннің жалпы аумағы 4800 шаршы метр. Бұл жерде балаларға арналған ойын алаңы, шағын сквер, футбол алаңы және Street - workout жабдықтары болады. Алаңның арғы жағынан Өлеңті өзеніне қарай көрініс ашылады. Бұйырса, бүлдіршіндер сырғанап, әткеншек теуіп, бозбалалар доп теуіп, жастар жағы белтемірге артылып, ал көше тұрғындары сейіл құрып, орындықтарда өзеннен соққан самалды жұтып отырмақ.

Бүгін де алаңның бетон табаны құйылып, өрнектас төселіп тұр. Жарық жүргізілген, шамдарды қосу ғана қалды. Ойын жабдықтарын орнату ай аяғына дейін аяқталмақ.
Халыққа қалатын шаруа - мүлікке өз дүниесіндей ыждағаттылықпен қарау және игілігін көру.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы