5.11.2025, 12:15
Оқылды: 147

Сырым ауданы: Жосалы мектебі жаңа дәуірге аяқ баспақ

 

ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында адам капиталын дамытуда білім беру саласы айрықша рөл атқаратындығын айтты. 

PHOTO-2025-11-04-10-17-39

Сырым ауданында бұл салаға қатысты іргелі жобалар бар. Соның айқын көрінісі - Жосалы ауылдық округіндегі А. Жұмағалиев атындағы мектеп - балабақша - бөбекжай кешенінің күрделі жөндеуі.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың айтуынша, білім үйінің жөндеуі «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Мектеп - ауылдың жүрегі, оның заманға сай жаңғыруы - ауыл халқының билікке тапсырған аманаты.

PHOTO-2025-11-04-10-17-40

Жобаның құны - 607 млн 870 228, 49 теңге құрайды. Мердігер – «Наурыз» құрылыс - сауда фирмасы.

Мектептің негізгі ғимараты жөндеуге жабылуына байланысты оқушылар оқу жылының басынан бастап округ әкімдігі мен бұрынғы балабақша ғимаратында білім алуда. Бұйырса, ІІІ тоқсаннан бастап жосалылық балалар сәні мен салтанаты келіскен оқу ордасына оралады.

PHOTO-2025-11-04-10-17-39 (1)

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловтың сөзіне қарағанда, күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға және қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жөндеу барысы білім бөлімі, техникалық және авторлық қадағалау мамандарының бақылауында.

PHOTO-2025-11-04-10-17-37 (1)

Мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, барлық техникалық және санитарлық талаптарға толық сәйкестендіріледі. Бүгінде инженерлік жүйелер (жылу, су, электр желілері) толық жаңартылды.

PHOTO-2025-11-04-10-17-38 (1)

Ең бастысы, білім шаңырағының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қазіргі заман талаптарына сай оқу кабинеттері, интерактивті тақталар, компьютерлік техника және пәндік зертханалармен жабдықталмақ.

PHOTO-2025-11-04-10-17-38

Жаңартылған мектеп ғимараты білім алушылар мен педагогтерге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, сапалы білім беруге, инновациялық әдістерді енгізуге және оқушылардың жан-жақты дамуына кең мүмкіндік береді. - дейді Әкежан мырза.

Айта кетейік, Жосалы өңірінде білім ісінің басталғанына 2024 жылы 100 жыл толды. Ғасырлық шаңырақ жаңа дәуірге жаңарып, жаңғырған күйде аяқ баспақ.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале