6.11.2025, 10:30
Оқылды: 85

БҚО-да жаңадан салынған мектеп ғимараты екі жыл өтпей неліктен жабылды

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистраль жалпы орта білім беретін мектебі қазіргі кезде жабық тұр. Осыған орай Kazinform тілшісі оқиға орнында болып, мәселені зерделеп көрді. 

c0ecd08a-4c02-4bb5-8302-05ba758b0aa3

Фото: Kazinform

Бұдан екі жылға жуық уақыт бұрын сән-салтанатпен ашылған нысан «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында бой көтерген.
БҚО білім басқармасының мәліметіне қарағанда, Магистральный ауылындағы аталған мектеп ғимараты 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген.
— Нысанның тапсырыс берушісі «ҚПО б. в.» компаниясы болса, жобалық-сметалық құжаттаманы Теректі ауданының құрылыс бөлімі әзірлеген. Жер телімін анықтау және бөлу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырған, — делінген басқарма берген ресми жауапта.

Мектеп директоры Гауһар Оразованың мәлім еткеніндей, осында басшы болып биылғы 21 қазанда келген.

Оның сөзіне қарағанда, қабырғаларда пайда болған жарықшақтардың үлкейгенін көргеннен кейін Теректі аудандық білім беру бөліміне хабар берген. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мектеп ғимаратын уақытша жабу туралы шешім қабылданды.
Мектепте барлығы 120 оқушы білім алады. Қазіргі таңда бастауыш сыныптар мен мектепалды даярлық тобындағы 36 бала 5 шақырымдай қашықтықтағы Пойма, қалған 5-11 сыныптағы шәкірттер округ орталығы Ақсуат ауылындағы мектепте екінші ауысымда оқып жатыр.
Директордың айтуынша, екі автобус бірнеше рейс жасап, оқушыларды тасымалдайды. Ата-аналармен, сондай-ақ ұстаздармен түсінік жұмыстары жүргізілді. Кезекші мұғалімдер оқушылармен бірге барып, келеді. Аталған екі ауылдағы мектептерде балалардың оқуына, тамақтануына жағдай жасалған.
— Тапсырыс беруші «ҚПО б. в.» компаниясы болса, мердігері — алматылық «Ка-Строй LTD» ЖШС. Кепілдік мерзімі осы жылдың желтоқсан айына дейін. Техникалық зерттеу қорытындысы шықты, мердігерге берілетін ұсынымдар талқыланып жатыр. Соған сәйкес жөндеу жұмыстары мен аяқтау мерзімі анықталады, — деді Гауһар Оразова.

Осы ауылда елу жыл тұратын Николай Лозовской о баста мектеп ғимаратының орны дұрыс таңдалмағанын жеткізді.

— Көктемде сол жерлерді су басып жататын. Тіпті құстар келіп, үйрек жүзіп жүретін. Менің ойымша, сондай жер болғаннан кейін тіреуіштер қағылуы керек еді. Сосын топырақ төгілгенмен, тығыздалмаған шығар. Басты себебі, іргетасы дұрыс болмаған соң, ғимарат шөгіп тұр. Өткен жылы да, биыл да жамап-жасқағанмен, ол осылай бола береді, — деді Николай Лозовской.

Ақсуат ауылдық округінің әкімі Қайрат Әділханов сайдың әріректе екендігін, бірақ мектептің су жиналатын жерде салынғанын растады.

— Мердігер компания іргетас үшін шұңқыр қазған кезде соған су кіріп кеткен. Трактордың судың ортасында тұрғаны жөнінде тұрғындар бейнежазба да жариялады кезінде. Мен әкім болып кейін келдім. Енді техникалық зерттеу қорытындысына сәйкес аралық қабырғаларды бұзып, қайта салу және іргетасты нығайту қажет деп ойлаймын, — деді Қайрат Әділханов.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале