6.11.2025, 11:30
Оқылды: 69

Әлеуметтік салаға әлі де қамқорлық қажет

Өткен  жұмада облыстық қоғамдық  кеңестің отырысында  өңірдің  тыныс-тіршілігіне  қатысты  бірқатар  маңызды  мәселелер  қаралды. Күн тәртібі  бойынша  тарихи-мәдени  мұраларды  қорғау,  білім  беру  жүйесін қаржыландыру,  көлік  қатынастарының  әлеуметтік  маңызы  бар  бағыттарын  бекіту  және  халықты  жұмыспен  қамту  шаралары  талқыланды. Ең  алдымен  кеңес мүшелерінің  назарына 2025-2026  оқу  жылына  арналған  мемлекеттік білім  беру  тапсырысы жобасы  ұсынылды.

 79adea5a-d866-47e9-a7ed-ff1ea0483f50

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Раушан Мұқатованың  жобасы  жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаты негізінде әзірленген. Бұл тәсіл әрбір оқушыға жеке есеп жүргізуге, қаражатты тиімді бөлуге және мектептердің қаржылық дербестігін арттыруға бағытталған. Бүгінде облыста 59 мектеп осы жүйе бойынша жұмыс істейді (оның ішінде 9-ы – шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын). Қаржыландыру көлемі сынып деңгейіне және оқыту түріне байланысты есептеледі. Бұл білім сапасын арттыруға және мұғалімдердің еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің айтуынша, өңірде 2 141 тарихи және мәдениет ескерткіші мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның 30-ы – республикалық, 2 111-і – жергілікті маңызы бар нысандар.

2024 жылы 26 ескерткішке тарихи-мәдени сараптама жасалып, нәтижесінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы комиссия 15 нысанды ескерткіш мәртебесінен айыруды, 8 нысанға жаңа мәртебе беруді ұсынған. Сонымен қатар Сырым ауданында бірқатар елді мекендердің таратылуына байланысты археологиялық ескерткіштердің орындарын нақтылау керектігі айтылған. Орал қаласындағы Дінмұхамед Қонаев бюсі жаңа орнына – Қонаев атындағы тынымбаққа ауыстырылды.

2022 жылы облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Темірғалиев бекіткен облыстық мәслихаттың әлеуметтік маңызы бар маршруттар тізіміне өзгерістер енгізу ұсынылды. Жаңартылған тізімге ауданаралық (облысішілік) аутомобиль қатынасына тиесілі №1 қосымша бойынша 41 маршрут, №2 қосымша бойынша 54  ауылдық және ауданаралық (ауылішілік) маршрут, №3 қосымшаға сәйкес Орал қалалық және қала маңындағы 44 маршрут және №4 қосымшаға сәйкес Ақсай қаласы бойынша үш маршрут әлеуметтік маңызды деп танылғалы тұр.  2025 жылы ауданаралық бағыттарға 625 млн теңге, ал қалалық және қала маңындағы бағыттарға 5,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Жаңа маршруттар қатарында «Ақжайық ауданы – орталық базар», «Раздольный–Орал» және «Озерный–Орал» бағыттары бар.  Субсидиялау көлік қызметінің сапасын арттырып, тұрғындарға қолжетімді қатынас қамтамасыз етуге мүмкіндік  бермек.

8460835d-85e1-4a57-b104-6ca3a0b6607c

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бақберген Әбуовтың айтуынша, ҚР әлеуметтік кодексі негізінде облыста мүгедектігі бар адамдар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, сондай-ақ жабық мекемелерден (түрме-абақтылардан) босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін жұмыс орындарын квоталау жұмысы жүргізілуде.  2026 жылға қарай 52 мекемеде  – 84 квота (мүгедектігі бар адамдарға), 11 мекемеде  –  21 квота (ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға), 28 мекемеде – 46 квота (пробация есебіндегі тұлғаларға), 17 мекемеде –  22 квота (бас бостандығынан босатылғандарға) бекітілмек. Сондай-ақ бұл жиында білім беру ұйымдарына спорт тауарларының бағасына сай болмай, сапасыз келетіні, кейбір жиында негізгі мәліметтердің орыс тілінде берілетіні де кеңес мүшелерінің назарынан тықалмады. Кеңесте қаралған барлық мәселе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын әрі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған жобаларды қолдап, тиісті құрылымдарға оларды одан әрі жүзеге асыру бойынша ұсынымдар  жолдайтын  болды.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале